Ғалымдар тың жаңалықтарын ортаға салды

Түркiстанда, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрiк университетiнде белгiлi ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Төребай Тұрмамбетовтiң 60 жасқа толу құрметiне орай «Заманауи ғылым мен бiлiмнiң өзектi мәселелерi және инновация тенденциялары» атты халықаралық ғылыми-тәжiрибелiк конференция өттi. Университеттiң физика кафедрасының ұйымдастыруымен өткен конференцияға елiмiздегi беделдi жоғары оқу орындарының басшылары, ғалым-профессорлардан бөлек түркиялық ғалымдар да қатысты.

– Несiн жасырамыз, бүгiнде кандидаттықтан бастап, докторлық дәреженi ғылымға ешқандай жаңалық енгiзбей-ақ алып жатқандар кездесiп қалады. Ал, физика саласында докторлық атаққа қол жеткiзген санаулы-ақ қазақ азаматы бар. Олардың көпшiлiгi ғылыми атағын сонау кеңестiк дәуiрде, Мәскеу төрiнде қорғаған. Ол заманда, өздерiңiзге белгiлi, қазақ ғалымдарының алдынан талай кедергiлер шығатын. Мiне, осындай қиындықтарға қайыспай, бiлiмi мен бiлiктiлiгiн дәлелдей алған ғалым, кезiнде елiмiздiң Ұлттық ядролық орталығында қызмет атқарған Төребай Әбдiрахманұлындай азаматтың бiздiң университетте қызмет етуi тұтас ұжым үшiн мақтаныш. Бүгiнгi конференция да осындай есiмi елге белгiлi ғалымға көрсетiлiп отырған құрмет екендiгiн айғақтайды. Ол мерейтойдың халықаралық ғылыми-тәжiрибелiк конференцияға ұласуын да ойластырған азамат. Бiз өзгелердi Төкеңдей ғалымдардан өнеге алуға шақырамыз, –дедi университеттiң ғылыми және инновациялық iстер жөнiндегi вице-президентi Талжан Райымбердиев.

Айтса айтқандай-ақ, конференцияға жиналған ғалымдар физика ғылымындағы соңғы жетiстiктердi, жастарды ғылымға тартудың өзектi мәселелерiн ортаға салды. Мысалы, Абай атындағы ҚазҰПУ-дiң профессоры, педагогика ғылымдарының докторы, академик Есенкелдi Бидайбеков ғұлама әл-Фарабидiң математика саласындағы мол мұраларының әлi де болса өз деңгейiнде зерттелмей отырғандығын, оны физика-математика ғылымын оқыту бағдарламаларына енгiзу керектiгiн ұсынды. «Әл-Фараби жайлы сөз қозғағанда көбiне оның ұлы ойшыл, философ екенiн ауызға аламыз. Ал, математика, физика ғылымына қатысты оның зерттеулерi мен ғылыми жаңалықтарын көпшiлiк бiле бермейдi. Әл-Фарабидiң тригонометриясы, математикалық трактаттары шетелдiк ғалымдарды әлдеқашан қызықтыра бастаған. Тiптi, осы саладағы әйгiлi «GeoGebra» бағдарламасы әл-Фараби еңбектерiн зерттеу негiзiнде құрастырылған» дейдi Е.Бидайбеков.

Мұнан кейiн сөз алған Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттiк университетiнiң профессоры Қайрат Күтербеков SeSZ және GDC негiзiнде көпжүйелi электролиттер өңдеу бойынша тың жаңалықтарымен бөлiстi. Қарапайым тiлмен айтқанда, бұл қуат көзi – батарейкалар жасап шығарудың қазақстандық моделi болмақ.

Мiнберден сөз алған Еуразиялық технологиялар университетiнiң, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттiк университетiнiң ғалымдары да физика саласындағы жаңалықтар мен жетiстiктердi баяндай отырып, ғылымның бұл саласын дамыта түсу керектiгiн тiлге тиек еттi.

Ғылыми конференцияда қарапайым мектеп мұғалiмдерi үшiн де пайдалы кеңестер аз айтылмады. Мысалы, секциялық мәжiлiстерге ұласқан екiншi бөлiмде химия ғылымдарының кандидаты, ХҚТУ-дiң доцентi Мейiрбек Түйебаевтың «Сын тұрғысынан ойлау, шығармашылық ойлау және рефлекция» атты баяндамасы Отырар, Ордабасы, Созақ, Бәйдiбек аудандарынан және Арыс қаласынан келген мектеп мұғалiмдерi үшiн өте пайдалы болды.

Университеттiң ғылыми және инновациялық iстер жөнiндегi вице-президентi Т.Райымбердиев айтқандай, талай конференциялар өтiп жатқанымен, көптен берi нағыз ғалымдардың басы қосылып, мұндай сапалы iс-шара өтпегенi де рас. Ал, оған себепшi Төребай Тұрмамбетов сынды бiлiктi ғалымдардың көп болғаны жақсы.