Семинарда шыңдалған болашақ ғалымдар

Қожа Ахмет Ясауи университетінде «Филология» факультетінің (6D011700-Қазақ тілі мен әдебиеті, 6M020500-Филология, 6M021200-Түркітану және 6M011900-Шетел тілі: екі шет тілі, 6M021000-Шетел филологиясы) мамандықтары бойынша магистранттар мен докторанттар 2017 жылы 30 қаңтар мен 7 ақпан аралығында Салааралық координациялық ғылыми-техникалық кеңесінде ғылыми семинардан өтті. Ғылыми семинар Түркология ғылыми-зерттеу институтының мәжіліс залы мен Орталық ғылыми кітапхананың конференция залында жүргізілді.

Салааралық координациялық ғылыми-техникалық кеңес университетіміздің Ғылыми және инновациялық істер жөніндегі вице-президенті Т.Раимбердиевтің бұйрығымен «Түркология ғылыми-зерттеу институты», «Қазақ филологиясы және журналистика», «Түрік филологиясы» және «Ағылшын филологиясы» кафедраларының оқытушы-профессорлар құрамынан құрылды.

Кеңеске Түркология ғылыми-зерттеу институтының директоры ф.ғ.к. С.Дағыстан төрағалық жасады. Бұл кеңестің мақсаты магистранттар мен докторанттардың диссертацияларын зерттеп-саралау болатын.

Магистранттар мен докторанттардың диссертацияларын зерттеп-саралау барысында зерттеу жұмыстарының өзектілігін, зерттелу деңгейін талқылады. Магистранттар мен докторанттар да ғылыми зерттеу жұмыстары қазіргі таңдағы заманауи талаптарға сай келетіндігін дәлелдеуге тырысты. Кеңес мүшелері тарапынан ізденуші болашақ ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстарында әлі де жетіспей тұрған кемшін тұстарын түзетуге ұсыныстар жасалды.

Кеңес мүшелері қазіргі таңда G-global жобасымен, Scopus, Thomson Reuters, Web of Science, Springer, Elsevier базаларымен, тіл үйрету әдістемелеріне қатысты отандық әдебиеттермен қатар Еуропа тіл портфолиосы жайындағы мәліметтермен жұмыс жасауды ұсынды.

Кеңес төрағасы доктор С.Дағыстан университетімізде бітіруші магистранттар мен докторанттардың диссертацияларындағы кемшіліктерді алдағы уақытта толықтыру қажет екенін айтып, сәттілік тіледі. Сонымен қатар, болашақ ғалымдарға өз ойларымен бөліскен кеңес мүшелеріне құрамына да алғыс білдірді.

Шайхыстамова Мәлике