Түркиялық ғалымдар — түркі дүниесінің астанасында

2017 ж. 8 ақпан күні сағат 16.30-да Орталық кітапхана залында Түркология ғылыми-зерттеу институтының ұйымдастыруымен кезекті семинар өтті. Онда Анкарадағы Ахмет Ясауи университеті Өкілетті Кеңес басқармасының бастамасы арқылы сабақ өту, баяндама жасау және кәсіби біліктілігін бөлісу мақсатында оқу ордамызға «Визитинг-профессор» бағдарламасы  бойынша келген Түркияның Эржиес университетінің оқытушысы проф. др. Невзат Өзкан мен Ондокуз Майыс университетінің оқытушысы доц. др. Бекир Шишман «Түркия және Түркі әлемі» мен «Қорқыт ата кітабы» және Түрік мәдениетінің негізгі факторлары» атты баяндама жасады. Аталған жиынға институт директоры ф.ғ.к. Сердар Дағыстан, Археология ҒЗИ директоры т.ғ.к., профессор Көпжасар Жетібаев, филология факультетінің кафедра меңгерушілері, институт қызметкерлері, университетіміздің оқытушы-профессорлары, докторанттар мен магистранттар және студенттер қатысты.

Түрік тілінде жүргізілген конференцияда модераторлық қызметті Түркология ҒЗИ-ның аға ғылыми қызметкері PhD Ерлан Жиенбаев атқарды. Проф. др. Невзат Өзкан «Түркия және Түркі әлемі» атты баяндамасында алдымен түрік тектес халықтардың территориясы, халық саны, этникалық шығу тегі жайында әңгіме қозғады. Бүгінгі таңдағы Түркияның көп мәдениетті болуының себебі ретінде түркі әлемі мен түрлі топтар арасындағы көштердің әсерін тілге тиек етті. Тылсымға толы тарихтан сыр шертіп, тарих бедерінде өзгеріске ұшыраған түрік тілдеріне тоқталды. Баяндамасының соңында түркі әлемінде бірлік пен ынтымақтың нығая түсуін тілей отырып, осы орайда отыз үш туыстас түркі халықтарының өкілі ретінде Қазақстанға арман қуып келген білімгерлерді бір шаңырақтың астына біріктірген Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-нің болашағынан зор үміт күттіретінін ерекше толғаныспен жеткізді.

Ықыласпен баяндалған сөздер Доц. Др. Бекир Шишманның баяндамасында  жалғасын тапты. «Қорқыт ата кітабы» және Түрік мәдениетінің негізгі факторлары» атты тақырыпта әңгіме өрбіткен екінші баяндамашы да жиналған қауымның қошеметіне бөленді.  Ол халық білімі саласы бойынша жасалған зереттеулерімен бөлісіп, Қорқыт ата хикаяларында баяндалған мотивтерді қазіргі мәдени-әлеуметтік жағдайлармен салыстырды. Қорытындылай келе, мәдениеттің өркендеуінде тілдің алатын орнын айшықтап, ұлттық құндылықтардың маңызына тоқталды.

Конференция соңында сөз алған Түркология ғылыми-зерттеу институтының директоры ф.ғ.к. Сердар Дағыстан ғылыми семинарды ұйымдастыруға атсалысқан институт қызметкерлеріне, тақырып бойынша арнайы стенд жасап конференцияның сәтті өтуіне үлес қосқан кітапхана басшысы Меруерт Әбсеметова мен ұжымына және конференцияға келген тыңдаушы қауымға алғысын білдірді. Сонымен қатар, баяндамашыларға университет басшылығы атынан алғыс хат табыс етіп, институт тарапынан әзірленген кітаптарды сыйға тартты.

PhD Ерлан ЖИЕНБАЕВ

Түркология ҒЗИ-ның аға ғылыми қызметкері