Түркістанда 100-ден астам ғалымдардың қатысуымен халықаралық ғылыми конференция өтті

Бүгін түркі жұртының рухани астанасы — Түркістан шаһарында «Түркістан және түркология» тақырыбында халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Түркологияның өзекті мәселелері ғылыми талқыға түскен алқалы жиынға алыс-жақын шетелдер мен қазақстандық 100-ден аса ғалымдар мен қоғам және мемлекет қайраткерлері қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Конференцияда облыс әкімі Жансейіт Түймебаев: «Киелі шаһар «Мәдени жыл» эстафетасын қабылдап, тарих тұғырында таңбаланар айтулы күннің куәгері болып отырмыз. Түркілік қайта өрлеу дәуірінің жемісін көрудеміз. Бұл кешегі түркілердің бірлігін аңсаған Түрік көсемі Ататүрік пен Алаштың арда ұлы Мұстафаның асқақ арманы еді. Біздің мығым бірлігіміз, тұтастығымыз — ортақ руханияттың алтын қайнары, сарқылмас ғылым бұлағы. Түркі әлемі бірлігінің бүгінгі шынайы жанашыры, Түркі әлемінің ақсақалы атанған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен іске асқан түркі бірлігінің айшықты көріністерінің бірегейі бүгінгі шара деп білемін», — деді Ж.Түймебаев.

Басқосуда ғылыми конференцияның құрметті қонақтары ҚР Мәдениет және спорт министрі Аарыстанбек Мұхамедиұлы құттықтау сөз сөйлеп, ТҮРКСОЙ-дың Бас хатшысы Дүйсен Қасейіновке Елбасының Алғыс хатын табыстады. 70-ке толған ғалым сондай-ақ Түркі академиясының алтын медалімен марапатталды.

«Түркістан қаласы түркі халықтар үшін маңызды қала екені белгілі. Қазіргі уақытта киелі шаһардағы көне ескерткіштер қайта жаңғырып, қала көркіне көрік беріп отыр. Ал биылғы жылы Түркістанның барлық түркі әлемінің мәдени астанасы атануы, туыстас түркі тілдес халықтардың осы қалада бас қосып, достастық, ынтымақтастығын одан әрі нығайтуы жолында маңызды қадам болмақ»,-деді мәдениет министрі.

Басқосуда ҚР Мемлекет және қоғам қайраткері, профессор Мырзатай Жолдасбеков Наурыз меркесінің тарихына тоқталып өтіп, түркітілдес халықтардың мәдениеті мен тыныс тіршілігінен хабар тарататын телеарна ашу қажеттігіне тоқталды. Ал, тіл жанашыры, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов әрбір ұлттың тілі мен мәдениетін сақтап қалу үшін бірігіп атсалысу керектігін атап өтті.

«Ресейде түркітілдес хлықтардың мектептері жабылып, барлығы орыстандырылып жатыр. Ал, Қытайда 2020 жылдан бастап, барлығы қытай тілінде сөйлеу керек деген заң қабылданбақшы. Сондықтан біз түркітілдес халықтардың тілін, дінін, мәдениетін сақтап қалуға атсалысып, қол ұшын беруіміз керек»,-деді қоғам қайраткері, ақын Мұхтар Шаханов.

Бұдан өзге конфренцияда ғалымдар «Түркістанның түркі тарихы мен мәдениетінен алатын орны», «Қ.А.Ясауидің түркілік ислам идеологиясын қалыптастырудағы рөлі», «Тарихи жазба деректер мен көне жәдігерлерді зерттеудің маңыздылығы» мен «Б.Кенжебайұлы және түркітанудың өзекті мәселелері» бағыттары аясында пікір алмасты.

Ғылыми жиын қорытындысы бойынша сөз алған аймақ басшысы бүгінде түркі халықтары тарихын «интеграциялау» мәселесі көкейкесті екенін айтты. Осы орайда, ол түркі халықтарының достығы мен бауырластық байланыстарын нығайтып, түркі мәдениетін әлемге танытатын бұл халықаралық деңгейдегі конференцияның маңызы орасан зор екенін жеткізді.

Айта кету керек, «Түркістан және Түркология» халықаралық конференциясында 8 мемлекет тарапынан ұсынылған 115 ғалымының баяндамалары жинақталып, қатысушыларға ұсынылды. Аталған ғылыми жобалар Түркі жастарының білім ордасына айналған Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінде білім алатын жастардың ғылыми ізденістеріне үлкен септігін тигізетін болады.

онференцияда айтылған пікірлер мен ұсыныстар ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының басты мақсатында көрсетілген Түркі дүниесі халықтарының ортақ өткені мен тарихының, тілі мен әдебиетінің, мәдениеті мен өнерінің зерттеулері болашақ ұрпақтарға мұра болады деген сенім бар. Автор: Айнұр Ақбаева Басты сөздер: Оңтүстік Қазақстан облысы, Ғылым,

www.inform.kz