Түркістанда Наурыз мерекесі ерекше аталып өтуде

Ахмет Ясауи университетінде «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының салтанатты ашылуына орай «Түркістан және Түркология» атты Халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті, деп хабарлайды BNews.kz.

Биыл Түркістанда түркі әлемінің «Наурыз» мерекесі ерекше аталып өтуде. Түркі әлемінің алтын бесігі атанған Түркістан дүниенің төрт бұрышынан келген түркі жұрағатын бауырына басты. Дүбірлі тойға әлемнің түкпір-түкпірінен 1000-ға жуық қонақ, ғалым қатысты. Қаламыздың Есімхан алаңынан бастау алған мәдени шара Ахмет Ясауи университетіндегі Халықаралық конференциямен жалғасын тапты. Ұлыстың ұлы күні түркітану тынысы, өзекті мәселелері ғылыми талқыға түскен бұл шара тарих тұғырында таңбаланып қалары анық.

ТҮРКСОЙ және Ахмет Ясауи университеті ұйымдастырған алқалы жиынға Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Қ.Түймебаев модераторлық етті.

Конференцияның ашылу салтанатында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы құттықтау сөзін айтып, ТҮРКСОЙ басшысы Дүйсен Құрабайұлына ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының Алғыс хатын табыстады. Сондай-ақ, Түркия мемлекетінің Мәдениет және туризм министрінің орынбасары Мұстафа Рухи Өзбилгич, мемлекет және қоғам қайраткері, ф.ғ.д., профессор Мырзатай Жолдасбеков, ҚР халық жазушысы, қоғам қайраткері М.Шаханов конференция тақырыбы төңірегінде ой қозғады. Ахмет Ясауи университеті Өкілетті кеңес төрағасы, профессор М.Йылдыз, «Орду» университетінің ректоры (Түркия), профессор Ярылгач Тарык, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Түркияның Мармара университетінің профессоры Томар Женгиз, Ресей федерациясының (Уфа) профессоры Фирдаус Хисамитдинова және дінтанушы қазақ ғалымы Әбсаттар Дербісәлі өз құттықтауларын жеткізді. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев өз сөзінде Түркі әлемінің бірлігі мен бауырмалдығы турасында терең мазмұнды ой қозғады. Түркістан төрінде өтіп жатқан бұл конференцияның маңыздылығын, ғылыми шараның Түркі әлеміне қосар үлесінің зор екендігін айтып, барлық ғалымдарға алғысын білдірді.

Жансейіт Қансейітұлы Түркі мәдениетін және өнерін дамыту Халықаралық ұйымының (ТҮРКСОЙ) Бас хатшысы Дүйсен Құрабайұлына Түркі дүниесінің ықпалдастығын мығым етер істердің бастамашы болған әрбір ісіне сәттілік тілеп, қазақы дәстүрмен шапан жауып, кәде сый табыстады. Осы ретте ТҮРКСОЙ Бас хатшысына Халықаралық Түркі академиясы атынан Дархан Қыдырәлінің таққан алтын медалін де атап өткіміз келеді.

Халықаралық жиынның қадірлі қонақтары академик Мырзатай Жолдасбеков, Ресей Федерациясының (Уфа) ғалымы Фирдаус Хисамитдинова Өкілетті Кеңес төрағасы Мұса Йылдызға оқу орнының білімгерлері үшін құнды кітаптарынан тарту етті.

Конференцияда Тарих, археология, этнография бағыты бойынша «Түркістанның түркі тарихы мен мәдениетінен алатын орны», Дінтану, философия, мәдениеттану бағыты бойынша «Қ.А.Ясауидің түркілік ислам идеологиясын қалыптастырудағы рөлі», Тіл білімі және деректану бағыты бойынша «Тарихи жазба деректер мен көне жәдігерлерді зерттеудің маңыздылығы», Әдебиет және фольклор бағыты бойынша «Б.Кенжебайұлы және түркітанудың өзекті мәселелері» секциялары жұмыс жасады.

Түркі әлемінің тұтастығын нығайтуға сеп болған ғылыми жиында тамыры терең Түркология ғылымының соңғы жаңалықтары мен тың ізденістері айтылды. Әлемдік түрколог ғалымдар өзекті тақырыптарды қозғап, тереңнен зерделеп, түркі әлемінің ықпалдастығын, түркілер руханиятын әлемге танытуға жол салды. Бұл жиын — мәдени ықпалдастық, өркениеттер бірлігінің айқын көрінісін танытты. Түркі дүниесін біріктіретін рухани құндылықтарымыз – біздің басты байлығымыз екені паш етілді. Түркі халықтары тарихын «интеграциялау» мәселесінің көкейкестілігі сөз болды. Осы орайда, Түркі халықтарының достығы мен бауырластық байланыстарын нығайтып, түркі мәдениетін әлемге танытатын бұл Халықаралық деңгейдегі конференцияның маңызы орасан зор.