Арманға биік қол созсаң…

4 сәуір күні Ахмет Ясауи университеті, Мәдениет орталығының үлкен залында Жастар орталығының ұйымдастыруымен «Армандар алдамайды» атты қайырымдылық шара өтті.

Ұйымдастыру және тәрбие істері жөніндегі вице-президент, профессор Б.Мухамеджанов, Даму және қаржыландыру жөніндегі вице-президент, профессор М.Эрен сөз сөйлеп, жастарды мейірімді, иманды болуға шақырып, ыстық лебіздерін, алғыстарын жеткізді. Ал, бойлары қайсарлық пен қажырлыққа толы жарымжан жастарға үкілі үміттерінің орындалуын, бар армандарына жетуілерін тіледі.

Шарада «Мақсат» атты фильм тамашаланды. 40 минуттық қысқаметражды кинода мүгедек ағалы-інілі жігіттердің шынайы өмірінен алынған көріністер баяндалады. Телетуындының қоюшы режиссері әрі актері – мүгедек жан болса да, арман-мақсаты биік Әлішер Жәдігеров.
Сондай-ақ, кеш барысында Әлішердің драматургия жанрына қалам тартып жазған, «Үкілі үміт» қойылымы сахналанды. Қойылымды «Мақсат» фильмінің актерлары ойнап шықты. Соның бірі, Бақытжан Салтабаев болатын. Бақытжан «Ана-әке» әнін орындап, барлық көрерменнің жан дүниесін қозғап, баршаға ой салды. Студенттер толқып, тебіренді.

Әлішер сегіз қырлы, бір сырлы жігіт. Оның әуесқой ақын екендігі, арбада отырып ақ, спорттың пауэрлифтинг түрімен айналысатындығы таң-тамаша қалдырды. Талабы таудай Ә.Жәдігеровтың алға қойған мақсаттары көп екен. Алдымен Шымкент қаласындағы «ART-кино» студиясында тәжірибесін одан әрі шыңдап, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында білім алу.

Фото: С.Доган.

Ақпарат орталығы.