Түлектер қауышты — Қазақ Үні

Түркістандағы Ахмет Ясауи университетінде «30 сәуір – Университет күні» мерекесі және оқу орынның Халықаралық мәртебесінің 25 жылдығы аталып өтті.

1992 жылы 1 мамыр күні Түркия Республикасының сол кездегі премьер-министрі Сүлейман Демирел мен Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қожа Ахмет Ясауи атындағы Түркістан Мемлекеттік университетін», «Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті» етіп қайта құру туралы коммюникеге қол қойған болатын. Қазақ-түрік бауырластығының дәнекеріне айналған құжатқа бүгінде 25 жыл.

Түркістан шаһарының Түркі әлемінің мәдени астанасы атанған жылына тұспа-тұс келіп отырған шараға жылдағы дәстүр бойынша түлектер арнайы қатысты.

Кездесу кешінің ашылу салтанатында университет президенті, профессор У.Әбдібеков, вице-президент, профессор М.Эрен түлектерді құттықтап, оқу орынның «25 жылдық» мерекелік медалін табыстады.

Өз кезегінде түлектер оқу орынға, ұстаздарға алғыстарын жеткізіп естеліктерімен бөлісіп, сыйлықтарын табыстады. 1997 жылы бітірген екі жүзге жуық түлек ТМД елдерінің және республиканың әр аймағынан келген.

Қонақтар қатарында мақтан тұтар түлектеріміз, еліміздің өнер саласындағы үздіктері Ж.Дүйсенбиева, әнші, сазгер, музыкант С.Айсынов, «Алдараспан» театрының актерлары Ш.Амантуров, Н.Ізтаев, С.Исабеков, «Нысана» театрының актерлары Д.Оразбай, М.Достаев, «Х» тобының әншілері Н.Әбдіжәлил, Ғ.Ақынбеков, Р.Сейтметов атындағы Түркістан сазды-драма театрының актерлары Қ.Садықбеков, М.Құрманбеков, режисері А.Наурызбаев және т.б. бар.

Университет баспасөз қызметі.