Ең үздік жас қаламгерлер анықталды

3 мамыр күні, Ғылыми кітапхана конференц-залында ҚР еңбек сіңірген ғылым қайраткері, академик, публицист-жазушы, әдебиеттанушы Рахманқұл Бердібайдың 90 жылдығына арналған «Ғылым жолына нәр берген ғұлама ғалым» атты әдеби кеш өтті.

Кештің ашылу салтанатында Қазылар алқасының мүшелері, «Қазақ филологиясы және журналистика» кафедрасының доценттері Ж.Камалқызы, С.Ергөбек, профессор Б.Сердәлі сөз сөйлеп, студенттерге сәттілік тіледі.

Ғылыми мектеп қалыптастырған ғалымның ізбасар-шәкірті, өлмейтұғын мол мұрасын жаңғыртушы Ж.Камалқызы: «Адалдықты насихаттайтын ғылым әлемімен нұрланатын жастардың еңбектерін оқыдым. Ұлы тұлғаны тануға деген керемет әрекеттерін байқадым. Мысалы, Бибігүл деген қызымыз «Рахмантану» пәнін өту керек, сонда ғана ғалым еңбегін, зерттеулерін терең білетін боламыз деген тамаша ой жазған. Басқа да жастар жақсы ойлар айтқан. Ғалымның рұқсатымен көзі тірісінде кітаптарына картотека жасап, көп жұмыс істеген кітапхана ұжымына да алғысым шексіз. ұлттың рухани қазынасынан нәр алуға талпынған жастарды көргенде қуанамын. Қадамдарың құтты болсын!» — деп, байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі.

Ғылыми кітапхана директоры М.Әбсеметова: «Мақала байқау ережесіне сәйкес, 100-ге жуық әдеби мақала талданды. «Ең үздік қаламгер» мақала жарысының жүлде қорын айтсақ, І орынға 10 000, ІІ орынға 8000, ІІІ орынға 6000, Ынталандыруға 2000 теңге беріледі» — деп, Елбасы Н.Ә.Назарбаевың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айқындалған рухани тетіктерді жиі іске асырып жүргендерін айтты. Рухани жаңғыру бойынша дұрыс жолмен келе жатқандарын аңғартты. Сондай-ақ, ғалым Р.Бердібайдың еңбектерін зерттеуге Қарағандыдан магистрант-докторанттар келген. Басқа да сирек кітаптарды конгресс, конференцияға жол түскенде шетелдіктерде кітапханаға жиі келетінін айтты. Мысалы, Әзірбайжан елінен келген ғалымдар Едіге батыр туралы кітапты осы жерден ғана тапқандарын айтып, көшірмесін алып, жылы лебіздерін білдірді.

Шара барысында «Қазақстан» телеарнасының мұрағатындағы «Рахманқұл Бердібаевтың жарқын бейнесі» атты бейнефильм көрсетілді. Жастар жазған мақалаларының мазмұнын, идеясын айтып, арнау өлеңдерін оқыды.

Байқау нәтижесінде, І орынды ФЖК-411-тобының студенті Үмітбек Бағдат (Мақала тақырыбы: Ой қайраткерлігін халқына арнаған ғылым серкесі) және ФҚФ-311 тобының студенті Ғабит Нұсқабай, ІІ орынды ФҚӘ-611 тобының студенті Ғылымнұр Кәдірбай иеленді. (Қазығұрт, кеме –қос, Рахманқұл жалғыз), ІІІ орынды Өнер факультетінің 4-курс студенті Ербақ Құрметжан иеленді.
Ынталандыру жүлдесіне ФҚФ-511 тобының студенттері Марат Қаниев («Қобыз» өлеңі) және Бибігүл Иванова (Жаңа кезең –Рахманқұл кезеңі), ФЖК-511 тобының студенті Нұрбек Кеңесбай (Ғасырлар толғауы), ФҚФ-511 тобының студенті Дариға Бақберген («Абыз ата» өлеңі) ие болды.

Шараны Ғылыми кітапхананың «Әдебиет» оқу залының кітапхана қызметкерлері ұйымдастырды.

Ақпарат орталығы.