Түркi дүниесiне ортақ бiлiм шаңырағы — Оңтүстік Қазақстан газеті

Түркiстан қаласы «ТҮРКСОЙ» тұрақты кеңесiнiң 34-отырысының шешiмiмен Түркi әлемiнiң 2017 жылғы мәдени астанасы болып бекiтiлдi. Қазақстан ТҮРКСОЙ-дың жыл сайынғы мәдени эстафетасын екiншi мәрте қабылдап отыр. Бұл Түркiстан қаласының 1500 жылдық мерейтойынан кейiнгi тарихи оқиға ретiнде бағаланған айтулы тарихи оқиға болмақ. Яғни, рухани астана аталып келген көне шаһардың тынысы кеңейiп, қайта жаңғырды. Қала бiр жылға ғана Түркi әлемiнiң астанасы атанса да, қала өмiрiне мәңгiлiк iз қалдырып, Түркi әлемiндегi маңыздылығын айқындап бердi.

Жалпы, Түркiстан – ер түрiктiң бесiгi. Алаш жұртының рухани астанасы. Ерлiк пен елдiктi, бiрлiк пен ынтымақты дәрiптейтiн мекен. Бiлiм мен ғылымның орталығы.

Бүгiнде қала уақыт өткен сайын гүлденiп, көркейiп келедi. «Көне Түркiстан» атты жаңа концепция аясында Қ.А.Ясауи бабамыздың кесенесiнiң маңы көне заманнан сыр шертетiн байырғы қала кейпiнде бой түзеуде. Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ–түрiк университетiнде жоғары бiлiм алып жатқан жастардың да саны жылдан-жылға артуда. Шетелдерден келiп жатқан қандастарымыз бен түркiтiлдес халықтардың жастары да көп. Бiлiм алып, маман атанған тәлiм алушылардың көпшiлiгi елiмiздiң әрбiр қаласында түрлi салаларда абыройлы еңбек етуде. Түркия мемлекетiнде, түркiтiлдес елдерде мақтанышымызға айналып жүрген шәкiрттерiмiз де жеткiлiктi.

Тарихи мәлiметтерге көз жүгiртсек, елiмiз егемендiгiн алған алғашқы жылы жаңадан ашылатын жоғары оқу орнын Шымкенттен салу жоспарланған болатын. Президентiмiз «Университеттi Шымкенттен емес, Түркiстаннан ашыңдар» деп тапсырыпты. Бұл шешiм Елбасымыздың көрегендiгiн көрсеттi. Тарихи жағдайларды ескеруi Түркiстан қаласының маңызын арттырып, көне қаланың қайта гүлденуiне жол ашты.

Түркiстанда Ахмет Ясауидiң кезiнде әлемдегi ең қуатты оқу орны болған. Онда екi мыңдай шәкiрт тәрбиеленiп, бiлiм алған. Кейiннен олар әлемнiң әрбiр мемлекетiне барып, ағартушылық жолды насихаттап, бала оқытқан. Ислам дiнiн таратқан. Бұл Түркiстандағы бiлiм беру жүйесi Оксфорд, Кембридж университеттерiнен де бұрын қалыптасқандығын дәлелдейдi. Яғни университет ел тәуелсiздiгiн алған жылдары ашылғанымен, 900 жылдай бұрын Ахмет Ясауидiң басшылығымен жұмыс iстеген әлемдегi ең көне оқу орнының жұмысын жалғастырушы iзбасары деп бiлемiз.

Сонымен… Елбасының Жарлығымен 1991 жылы Түркiстанда жоғары оқу орны ашылды. Мұны көпшiлiк жақсылыққа балады әрi бұрыннан бiлiм мен ғылымның орталығы болған Түркiстандағы игi iстiң жалғасы деп бағалады. Алғашқы жылы оқу орнына «Түркiстан мемлекеттiк университетi» деген атау берiлдi. Араға жыл салып, Қазақстан мен Түркия мемлекеттерiнiң президенттерi ұйғарымымен «Халықаралық қазақ-түрiк университетi» болып қайта құрылды. Оған түркi жұртына әйгiлi Қожа Ахмет Ясауидiң есiмi берiлдi.

Қазiр Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрiк университетi – елiмiздегi ең таңдаулы оқу орындарының бiрi.

Президентiмiз жыл басындағы халыққа Жолдауында Қазақстанның үшiншi жаңғыруы басталғанын жариялады, нақтылы мiндеттердi белгiлеп, мақсаттарды белгiлеп бердi. Мақсат – айқын, бағытымыз – белгiлi. Ол – әлемдегi ең озық отыз елдiң қатарына қосылу.

Ұлт көшбасшысы жақында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты стратегиялық маңызды мақаласында бiлiмнiң маңыздылығына ерекше назар аударған. Мемлекет басшысы ұлттық сананы жаңғыртудың маңызды бағыттарын белгiледi. Бүгiнгi ұрпақ үшiн ең маңыздысы бiлiмге және еңбекке ерiнбей ұмтылудың қажеттiгiн, ал, бiлiм беру саласының негiзгi мiндетi – бәсекеге қабiлеттi бiлiктi де бiлiмдi жастарды тәрбиелеп даярлау, ғылымға баулу қажеттiлiгiн дәлелдеп отыр.

Латын әлiпбиiне көшу, туған жердi көркейту, гуманитарлық бiлiм беру, мәдениеттi заманауи қалыпқа келтiру, құндылықтардың бүкiл қазақстандық шеңберiн құру, замандастарды құрметтеу – мұның барлығы нақты тапсырмалармен жоспарлы түрде орындалуы талап етiлуде.

Ұлт Көшбасшысы атап көрсеткен шаралар елiмiзде дамуды жаңа деңгейге көтеруге бағыттайды. Бұған оқу орнымыздың жастары мен ұжымы аянбай атсалысады.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ел халқына жолдаған әрбiр Жолдауындағы басым бағыттарды жүзеге асыруға университет ұжымы белсендi қатысуда. Әсiресе, бiлiм беру саласына қатысты тұжырымдарды түсiндiру, iске асыру бағытында қыруар жұмыс жүргiзiлуде.

Жолдауда көрсетiлген басым бағыттарды жүзеге асыру университетте жүйелi жолға қойылған. Сабақ барысында студенттер заманауи технологияны пайдаланып, әлемнiң түкпiр-түкпiрiнде отырған шетелдiк ғалымдардың дәрiстерiн тiкелей тыңдайды. Яғни, Түркияда, АҚШ-та отырып-ақ профессорлар, Нобель сыйлықтарының лауреаттары Түркiстандағы жастарға дәрiс оқиды. Оқу орны соңғы үлгiдегi заманауи материалдық-техникалық базамен жабдықталған. Оқытушы-профессорлардың құрамында елiмiзге ғана емес, шетелдерге де танымал ғұлама ғалымдар көп. Олар университетте студенттерге лекция оқиды, тәжiрибелiк сабақтар өткiзiледi. Әсiресе, екi мемлекетке ортақ жоғары оқу орны болғандықтан, Түркиядан келген бiлiктi ғалымдар университет студенттерiне мағыналы да мазмұнды дәрiстер беру арқылы жастардың жоғары дәрежелi маман иесi ретiнде қалыптасуына үлкен еңбек сiңiруде. Үш тiлдi меңгеру, латын әлiпбиiн үйрену – оқу орны жастарының күнделiктi iсi. Себебi, әлем қалай өзгерсе, бiз де жұдырықтай жұмылып соған бейiмделуiмiз қажет.

Оқу орнында он мыңға жуық жас 60-тан аса мамандық бойынша бiлiм алып жүр. Олардың 2000-ға жуығы – шетелдерден келген түркiтiлдес халықтардың өкiлдерi.

Университеттiң Кентау институтындағы дайындық факультетiнде 778 тыңдаушы бар. Халықаралық университетте әлемнiң 20-дан астам елiнен келген ұл мен қыз бiлiм алуда. Араларында Түркия, Ауғанстан, Болгария, Қырғызстан, Өзбекстан, Молдова мемлекеттерiнен, Ресейдегi Қарашай-Черкес, Қабардин-Балқар, Саха, Тыва, тағы басқа елдерден келген жастар баршылық. Өзбекстандық – 60, қытайлық 55 жас дайындық бөлiмiнде бiлiмiн шыңдауда.

Атажұртқа оралып, бiлiм алып жатқан жастардың оқуға деген ынта-ықыласы ерекше. Барлығы өнерлi. Елiмiздегi әрбiр мейрамдарды, мерекелiк iс-шараларды ұйымдастыруға белсендi қатысады. Қалалық, облыстық байқауларда, мәдени-спорттық жарыстарда жүлделi орындарды иеленуде.

Университет қызметкерлерi оқу үдерiсiнде Қазақстан Республикасының «Бiлiм туралы» Заңы аясында жұмыс iстей отырып әлем елдерi мойындаған, озық үлгiдегi еуропалық стандарттарды басшылыққа алады. Халықаралық оқу орны болған соң бұл – заңдылық. Түркiстанда бiлiм алған жастар әлемнiң кез келген елiне барып, қызмет атқаруға құқылы. Сондай-ақ, университет Өкiлеттi кеңесiнiң шешiмiмен отандық бiлiм беру стандарттарына iшiнара өзгерiстер енгiзу де қарастырылған.

Қазiр Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ президентi қызметiн физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Уәлихан Сейдiлдәұлы Әбдiбеков атқаруда. Ал, Гази университетiнiң профессоры (Түркия) Мұса Йылдыз – Өкiлеттi кеңес төрағасы лауазымында жұмыстардың жоғары деңгейде жүруiне бар күш-жiгерiн жұмсап келедi.

Қазақстан тарапынан жыл сайын түркi халықтарының жастарына 200 орынға оқу гранты бөлiнедi. Сондай-ақ, өз күштерiмен Қазақстанның бiлiм грантын жеңiп алып осында оқуға келетiндер көп. Ал, Түркия мемлекетi жыл сайын 1-курс студенттерiне 500 квота бередi. Түркия квотасы бойынша оқуға түскен студенттердiң оқу шығынын туысқан мемлекет төлейдi. Квота аясында студенттерге ай сайын шәкiртақы берiледi. Оның көлемi қазақстандық грант иегерлерiнiкiмен бiрдей.

Халықаралық қазақ-түрiк университетiнiң Кентау қаласындағы дайындық факультетiнде шетелден келген талапкерлер мен Түркия грантына оқуға түскендер бiлiм алады. Аты айтып тұрғандай, шетелдердегi қазақ диаспорасының өкiлдерi мен оралман тыңдаушыларды кешендi тестке дайындаймыз.

Құрылғанына 12 жыл болған дайындық факультетiнде 50 оқу дәрiсханасы, мультимедиа сыныптары мен интерактивтi тақталар орнатылған. Дәрiсханалар болашақ студенттердiң жан-жақты бiлiм алуына қызмет етуде. Бүгiнгi күнге дейiн мұнда бiлiм алған екi мыңға жуық тыңдаушының басым бөлiгi таңдаған мамандығы бойынша оқуға түстi. Оқу орны тыңдаушыларының бойына қазақ, ағылшын, түрiк, орыс тiлдерiнде бiлiм алатындай қабiлеттердi қалыптастырамыз.

EXPO көрмесiне үлес қосу – әрбiр ел азаматының мiндетi. Бұл бағытта Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дiң Кентау институты күн энергиясын тұтынуды қолға алды. Баламалы энергияны пайдаланудағы эксперимент алғаш асханадан басталды. Яғни мұнда су күн энергиясымен жылытылуда. Жаңа жүйе өзiнiң тиiмдiлiгiн беруде. Ендiгi кезекте ауладағы студенттердiң жүретiн жолдары мен ғимараттардың айналасын жарықтандыру iсiне балама энергияны қосуды жоспарлап отырмыз. Жатақхананың шатырларына күн батареялары қойылып, жарық жүйесi және жуынатын бөлмедегi су күн энергиясымен жылытылатын болады.

Сонымен қатар, өткен жылы оқу орнының мамандары күннен қуат алатын бетон қарығышты құрастырды. Балама энергия арқылы iске қосылатын бетон қарығыш бағаналар арқылы жарық жүйесi тартылмаған аумақта құрылыс жүргiзуге өте қолайлы.

Қажеттi заттар Қытайдан алынғанымен, құрастыру жұмыстарын оқу орнының студенттерi өздерi жасады. Кәсiптiк бiлiм мамандығын игерушi iзденушiлер теория жүзiндегi сабақтарын тәжiрибемен ұштастыру барысында құнды дүниеге қол жеткiздi. Жобаны «ТIКА» фирмасы қаржыландырып отыр. Мұнда Түркиядан келген мамандар жастарды осылайша кәсiби бiлiмге баулуда.

Жастардың бойына ұлттық құндылықтарды сiңiрiп, қазiргi жаһандық даму жағдайында оларды заман талабына сай озық ойлы, биiк парасатты, терең бiлiмдi, рухани бай мұрамыздың құндылықтарын саналарына сiңiрiп тәрбиелеу – алда тұрған басты мiндеттердiң бiрi. Елбасымыз жариялаған «Мәңгiлiк ел» идеясының көздегенi де осы болатын. Яғни төл дәстүрiмiздi, әдебиетiмiз бен мәдениетiмiздi жаңғырту, дiнiмiз бен тiлiмiздi өркендету. «Мәңгiлiк ел» идеясын жүзеге асырып, одан әрi дамытатын жастар. Сондықтан студенттерiмiз бiлiмдi, ұлттық құндылықтар мен заманауи игiлiктердi өз бойларына сiңiрген, елiнiң нағыз жанашыр азаматтары болуға талпынады.

Мәңгiлiк елдiң жас өрендерiне сапалы бiлiм, саналы тәрбие берiп, өз Отанының патриот азаматы етiп тәрбиелеу үшiн оқу орны үлкен қолдаулар көрсетiп, оқытушы-профессорларымызға жағдай жасап келедi.

Дайындық факультетiне тыңдаушылар әлемнiң түкпiр-түкпiрiнен келедi. Олардың мұнда туыстары жоқ. Келушiлердi ең әуелi баспана мәселесi толғандырады. Оқуға түскен студенттер мен дайындық факультетiнде бiлiм алып жатқандар түгелдей дерлiк жайлы жатақханамен қамтамасыз етiлген. Университет меншiгiндегi жатақханалардың барлығы жаңа заман талабына сай жаңа үлгiге сәйкестендiрiлген. Жатын орынға төленетiн ең арзан коммуналдық ақы – Түркiстандағы университетте.

Университет ұжымы адами құндылықтарды аса жоғары бағалайды. Оқу орнында оқитын ата-анасыз қалған студенттердi университет өз қамқорлығына алған. Барлық жағдайы ақысыз қамтамасыз етiлген. Жатын орындары оқу орны тарапынан шешiлген. Ал, оқуда озат, өнерпаз жастар мен саңлақ спортшылар әрдайым ынталандырылып отырады. Арнайы шәкiртақы төлеп, оқу орнының асханасынан ақысыз тамақтануға талон берiледi. Жастардан құралған «Жасыл ел» еңбек жасақтарына да арнайы жалақы берiледi.

Спортпен шұғылданып, шаршы алаңда шыныққысы келетiн жастарға да толық жағдай жасалған. Университетте спорт үйiрмелерi бар. Жастар бокс, қазақша күрес, еркiн күрес, самбо, таэквандо, тағы басқа спорт түрлерiмен айналыса алады.

Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрiк университетiнiң зәулiм Мәдениет үйiнде iс-шаралар жүйелi жүргiзiлiп отырады. Тiптi, кей кездерi қалалық, облыстық байқаулар мен конкурстар, маңызы жоғары жиындар ұйымдастырылады.

2015 жылдан бастап заманауи технологиялармен жабдықталған жаңа кiтапхана пайдалануға берiлдi. Онда бiрнеше конференция залдары студенттерге қызмет көрсетуде.

Түркiстандағы халықаралық деңгейде бiлiм беретiн оқу орны жастарды жарқын болашаққа жетелейтiн үлкен бiлiм және ғылым орталығына айналып отыр. «Түркiтiлдес – түгел бол!» атты ынтымақшыл ұранын көкке көтерген рухани қала бұған дейiн де қазақ елiнiң талай-талай тарихына куә болған едi. Ал, жаңа ғасырда өз болмысынан ажырамай, тарихи миссиясын, бабалар аманатын жаңа биiк мақсаттарға көтердi.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрiк университетi Түркiстанды түркi дүниесiнiң ортақ бiлiм шаңырағына айналдырады» деген болатын. Алыс-жақын шетелдерден келiп бiлiм алып жүрген түркi жұртының жастары бауырмалдықтың шарапатын сезiнуде. Кейде «Түркiстанда оқып жүр талай ұлттың баласы» дейтiнiмiз содан. Иә, түркi әлемiнiң бiрлiгi – Мемлекет басшысының асқақ идеясы. Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың сындарлы жұмыстары –Елбасы идеясының жүйелi жүзеге асып жатқанының айқын дәлелi.

Камалбек БЕРКIМБАЕВ, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ- түрiк университетi Кентау институтының директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор. Түркiстан қаласы.