Қала әкімі журналистерді құттықтады

Кеше, 29 маусым күні Түркістан қаласының әкімі «28 маусым — Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күні» мерекесіне орай қаладағы журналистерге алғыс білдірді.

Түркістан қаласы әкімі Әліпбек Шәріпбекұлы Өсербаев қала әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің және қала әкімі баспасөз хатшысының ұйымдастырумен қаладағы бірнеше журналистерді қабылдап, кәсіби мерекелерімен құттықтады. «Журналистер қоғамдағы ең өткір тілді, отансүйгіш, мемлекетшіл жандар. Сіздер билік пен қалың бұқара арасындағы алтын көпір іспеттессіздер. Бүгінгі мерекелеріңіз құтты болсын!»,-деп сөзін түйіндеген Әліпбек Шәріпбекұлы барлық журналистерге алғыс хат пен сый-сияпаттарын тапсырды.
Өз кезегінде қалалық ақсақалдар ұйымының төрағасы Ж.Құлбайымбетов, аға буын журналистер Ә.Манапов, Ш.Мадалиев университетіміздің баспасөз хатшысы А.Сәдібеков әріптестерін төл мерекелерімен құттықтап, қала әкімі мен шараны ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.

Қала әкімінің алғыс хатымен марапатталған журналистер қатарында Ахмет Ясауи университетінің бір топ журналистері болды. Олар оқу орын баспасөз хатшысы А.Сәдібеков, ақпарат орталығының қызметкерлері Г.Маманова, Д.Мыңбаева, Н.Искаков және «Ясауи университеті» газетінің редакторы Ж.Бейсенбаева.

Қала басшысының ыстық ілтипаты мен жылы лебізінен қуат алған ақпарат қызметкерлері жақсы көңіл күймен, ризашылық бейілмен тарасты.

Ақпарат орталығы.