«ТҮРКОЛОГИЯ» ЖУРНАЛЫ

2002 жылы 9-12 қазан аралығында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде өткен дәстүрлі І халықаралық Түркология конгресінде қазіргі заманғы түркология ғылымының өзекті мәселелерін жариялап тұру мақсатында «Түркология» журналын жүйелі түрде шығарып тұру туралы қарар қабылданған болатын. Журнал сол уақыттан бастап тұрақты түрде екі айда 1 рет басылып шыға бастады. 2003 жылғы мамыр айынан Париж қаласындағы халықаралық ISSN орталығында (ISSN 1727-060) және ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің мерзімді баспасөз басылымы және ақпараттық агенттігінде (Куәлік № 55-97-Ж 18.ІІ.2005 ж.) тіркелген. Онда қазақстандық түркологтармен қатар алыс және жақын шетелдердегі түрколог-ғалымдардың ғылыми мақалалары түркі тілдес халықтар тілінде, сондай-ақ орыс, ағылшын тілдерінде басылады.

Қазіргі жаһандану дәуірінде, түркі халықтары бірін-бірі терең түсінісу қажеттілікке айналған кезеңде, түркі халықтарының тереңнен тамыр тартқан тарихын, мәдени-рухани құндылығын танып-білу ғылыми-танымдық мәнге ие. Сондықтан мақалалар, негізінен, түркі халықтарының тілі мен әдебиеті, фольклоры, тарихы, мәдениеті мен діні, өркениеті, этнографиясын бүгінгі заман талабына сай қарастыру, қазіргі түркі халықтарының арғы тарихын, көне түркі тілінің қалыптасып, дамуын, көне түркі этногенезін, түркі тілдес халықтарының шығу тегін, жалпы айтқанда, түркі халықтарын кешенді түрде зерттеуге арналған. Журналға АҚШ, Түркия, Ресей, Түркменстан, Әзірбайжан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай, Моңғолиядан түрколог-ғалымдар мақалаларын жіберіп отырады.

2017 жылғы қазан айында Түркология журналының жарық көргеніне 15 жыл толады. 2017 ж. 18-20 қазан аралығында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Түркология ғылыми-зерттеу институты ұйымдастырып отырған дәстүрлі VІІ Түркология конгресінде Түркология журналының 15 жылдығын атап өту жоспарланып отыр.

Журналдың 2017 жылғы № 1 (81) саны жаңа форматпен, жаңа дизайнмен дайындалды және редакция басшылығы құрамына, редакция алқасының құрамына өзгерістер енді. Сондай-ақ журналға келген мақалаларды сараптау комиссиясы қайта құрылып, құрамы бекітілді.

Журналдың электронды адресі: turkology.institute@ayu.edu.kz