Әлемнің асылына лайық жандар

Бүгін, 4 қыркүйек күні Тәрбие және мәдени істер департаментінің ұйымдастыруымен Мәдениет орталығының үлкен залында «Ұстазым менің ұстазым» атты асыл ұстаздар қауымының төл мерекесіне арналған салтанатты кеш өтті.

Шара шымылдығы «Ұстаздарды құттықтау» бейнеролигімен басталды. Университет президенті, профессор У.Абдибеков, І вице-президент, профессор М.Куталмыш сөз сөйлеп, құрметті ұстаздарға деген жылы лебіздерін арнады. Ректор У.Әбдібеков: «Құрметті ұжым және ұстаздар! Мерекелеріңіз құтты болсын! Табыс, жақсылық, жеңістер алып келсін. Соңғы уақытта университетіміз жақсы жағынан көрініп жүр. Біздің университет жөнінде «Бүгінгі таңда ХҚТУ Қазақстандағы сапалы Жоғары оқу орындарының бірі» деп, ҚР Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев өзінің оң бағасын берді. Оның ішінде тек біліммен ғана емес, мәдени іс-шараларымен, сапалы оқу бағдарламасымен алдыңғы орыннан көрініп тұр. Осы жағынан Назарбаев, Қазақстан-Британ техникалық университеттерімен теңесіп отыр. Мұның бәрі университет студенттері мен ұжымның еңбегінің арқасы. Бұндай дәреже, құрмет-мәртебе базарда сатылмайды. Біреудің айтуымен келмейді. Тек еңбектің жемісі арқылы келеді. Ұстаздар қауымы сіздер және студенттер өз еңбектеріңізге адалсыздар» -деп, асыл жандар көңілін бір марқайтып тастады.

Сондай-ақ, басшылар университетіміздің оқу ісі мен мәдени-тәрбиелік жұмыстарына белсене араласып, өз істерінде біліктілік танытып, оқу ордамыздың жақсы жетістіктерге қол жеткізуіне үлестерін қосқан бірқатар оқытушы-профессорларды «Ұлағатты ұстаз» төсбелгісімен және алғыс хатпен марапаттады.

Шара соңы «Продюсерлік орталық» ұйымдастырған концерттік бағдарламаға ұласты. «Асыл ұстаздар» қойылымы, «Ұстазым менің Ұстазым» әні, ұстаздарға арналған әндерден попурри ұстаздар жүрегін елжіретіп, ерекше әсер сыйлады.

Фото:С.Доган

Ақпарат орталығы