ЖАС ҒАЛЫМДАР ЖАҢАЛЫҒЫ

Оқу ордамыздың Мағжан қалашығында Экология ҒЗИ-на қарасты ғылыми-зерттеу алаңы мен жылыжай кешенінде Экология мамандығының магистранттарының зерттеу жұмыстарының нәтижесінде химиялық тыңайтқыштардың көмегінсіз тәжірибе жүргізіп, алғашқы табиғи өнімін шығарды.

Экология ҒЗИ-ның директоры, профессор А.Ақбасованың жетекшілігімен Экология мамандығының 2-курс магистранты А.Әбсейт, экология мамандығының 4-курс студенті Б.Жұмабай, химия мамандығының 1-курс студенті Д.Юлдашбек биогумусты зерттеу арқылы қияр өсіріп шығарды. Биогумус — ауыл шаруашылық және өсімдік, жеміс-жидек қалдықтарынан, калифорниялық қызыл құрттар негізінде алынатын табиғи тыңайтқыш.

Жас зерттеушілер осы биогумусты дайындап, оны 10 литр ыстық суға 1 литр биогумус салып, вермичай дайындап өнімді қоректендіруде. Вермичай – бұл биогумустың сұйық түрі. Өсімдікке барлық қоректік заттар бойына өтеді. Осы сұйық түрдегі вермичай мен таза табиғи тыңайтқыш биогумусты өсімдікке тәжірибе жүргізу мақсатында магистранттар жылыжайда қияр өсіріп шығарды. Тұқыммен егілген қияр 35 күнде өсіп алғашқы өнімін берді. Бір түп қияр сабағынан үзуге жарамды 7 қияр шыққан.

«Бұл жақсы көрсеткіш, өнімділігінің ерте беруіне тек бұл фактор ғана емес, жылы су, температура, жақсы күтім қажет. Бастапқыда қияр егілетін алаң тыңайтқышпен бірге қопсытылды. Сосын қияр шыққан соң, осы тыңайтқыштармен қоректендірілді», –дейді жас ғалым А.Әбсейт.

Ғылым және иновациялық істер жөніндегі вице-президент, профессор Т.Райымбердиев, Экология ҒЗИ директоры А.Ақбасова және экология мамандығының студенттері арнайы жылыжайды аралап, жас ізденушілердің бұл ісіне тәнті екендіктерін жеткізіп, ғылыми-зерттеу жұмыстарына сәттіліктер тіледі.

Фото: Е.Сердәлі

Ақпарат орталығы