Бақытжан Сағынтаев іссапармен Түркістанға барды — khabar.kz

2020 жылға қарай Түркістан қаласының әкімшілік орталығы шаһардың батыс ауданына ауыстырылады.

Қазір ол жерде «Аймақтарды дамыту» бағдарламасы бойынша жаңа шағынауданның құрылысы жүріп жатыр. Бүгінде жоспарланған 100 көпқабатты үйдің 10-ы пайдалануға берілген. Тағы 20-сының құрылысы келер жылы басталмақ. Сонымен қоса 900 балаға арналған білім ошағын салу жұмыстары жүріп жатыр. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 280 орындық балабақша ашу да жоспарланған. Жақын келешекте қаланың барлық мемлекеттік мекемелері аталған аумаққа шоғырланбақ. Бұл туралы рухани астанамыз Түркістанға ресми сапармен барған еліміздің Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевқа жергілікті билік өкілдері мәлімдеді.  Үкімет басшысы Түркістандағы бірқатар өндіріс ошағының тынысымен танысты. Атап айтсақ, Түркістанмен қатар көрші Кентау, Жаңақорғанның тұрғындарын өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған нан мен шұжық шығаратын кәсіпорындар. Мұнда тәулігіне 12 тонна ұннан 30 мың өнім дайындалады. Алдағы қараша айында күніне 50 мың өнім шығаратын цехтың қазығы қағылмақ. Іске қосылғаннан кейін 30 мың жергілікті тұрғын тұрақты табыс көзіне ие болмақ. Бақытжан Сағынтаевтың келесі бағыты Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті болды. Студенттермен жүздесу барысында әлемдік талапқа сай жоғары білім беру мәселесі қозғалды. Премьерге әрі оқу ордасының болашақтағы қалашығы мен Түркі әлемінің музейі таныстырылды. Түс ауа Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев туризм мен кәсіпкерлікті дамыту тақырыбындағы отырысқа қатысады.