Түркістанда әлемнің 19 елінен келген редакторлар бас қосты

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат — Түркістанда түркі әлемі әдеби журналдары редакторларының VІІІ конгресі басталды. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен және ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы мен Еуразия Жазушылар одағының қолдауымен өтіп жатқан басқосуға 19 елден 30-ге жуық редакторлар мен жазушылар, көрнекті мәдениет қайраткерлері қатысуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының аясында  ұйымдастырылып жатқан конгресс Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ Мәдениет орталығында өтуде. Шараның мақсаты — түркі халықтарының әдеби байланыстарын дамыту арқылы ұлттық тілдердегі қазіргі заманғы ақпарат алмасуын жетілдіру, әдебиет саласындағы үздік туындыларды, озық қаламгерлерді анықтау болып отыр. «Түркістан — түркі мәдениетінің астанасы» мәдени жобасының аясында өткізілетін конгресс жұмысына Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшысының орынбасары Фырат Пурташ, Еуразия Жазушылар Одағының төрағасы Якуб Омероглы, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын  Ұлықбек Есдәулет және т.б. әдебиет және мәдениет қайраткерлері қатысып, сөз сөйлеуде. Екі күнге созылатын шара бағдарламасы бойынша «2016 жылғы Түркі әлеміндегі  жыл әдебиетшісі» сыйлығын тапсыру рәсімі өткізіліп, 2017 жылдың үздік әдебиетшісі анықталатын болады. Түркі әлемі әдеби журналдары редакторларының VІІІ конгресінде түркі тілдес халықтардың бүгінгі әдеби өміріндегі әдеби журналдардың қызметі сарапқа салынып, «Түркі әлемі әдебиетіндегі заманауи шығармашылық үрдіс және әдеби журналдар» тақырыбында семинар өткізіледі деп күтілуде.