ХҚТУ-да волейболдан IX жазғы универсиада басталды — Алаш Айнасы

Бүгін, 27 қыркүйек күні Түркістан қаласы, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде ҚР Білім және Ғылым министрлігі жанындағы Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының ұйымдастыруымен волейбол (ерлер) спорт түрінен ЖОО арасындағы IX жазғы универсиаданың ашылу салтанаты өтті. 

Универсиаданың басты мақсаты – спорт жүйесін дамыту және насихаттау, салауатты өмір салтын қалыптастыру, денсаулықты нығайту, отансүйгіштікке тәрбиелеп, әлемдік универсиада мен олимпиадалық ойындарда өнер көрсететін талантты спортшыларды іріктеу және дайындау.

Спорт бәсекесінің ашылуында Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының бас директоры С.Мұстафаев, Ахмет Ясауи университетінің вице-президенттері, профессор М.Эрен, профессор Н.Ажиханов сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі.

Универсиадада С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина Университеті, С.Бәйішов атындағы Ақтөбе университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты, М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының командалары ойын көрсетеді.

ХҚТУ Спорт клубы, Б.Саттарханов атындағы спорт залында өтетін жарыста жалпы 100-ге жуық жас спортшылар 5 турдық сайыста бақ сынайды. Жарыстың бас төрешісі – ҚР Жоғарғы ұлттық дәрежедегі төреші М.Божбанбаев, ұлттық дәрежедегі төреші А.Даутов, ұлттық дәрежедегі төреші Н.Төлбасиев ойын деңгейін саралайды.

26.09 — 03.10.2017ж. аралығында 10 ЖОО-да өтетін ірі кешендік спорттық шарада спорттың 31 түрі қамтылған. Атап айтсақ, бадминтон, баскетбол, еркін күрес, грек-рим күресі, бильярд спорты, бокс, волейбол, гандбол, дзюдо, каратэ-до, қазақ күресі, кикбоксинг, жеңіл атлектика, жүзу, жағажай волейболы, президенттік көпсайыс, жағажай футболы, армрестлинг, ауыр атлетика, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, футбол, семсерлесі, шахмат, регби, самбо, садақ ату, спорттық бағдарлау, оқ ату, таэквандо, теннис спорт ойындары.