Ашық есік күні: Инсультпен күресу

30 қазан күні дүниежүзілік инсультпен күрес күніне орай, ХҚТУ Клиника-диагностикалық орталығында (КДО) Ашық есік күні өтті. Инсультпен күрес күніне өз үлестерін қосу мақсатында КДО-да неврапатолог, кардиолог мамандар бір күн бойы тегін қабылдап, кеңестерін берді. Атап айтсақ, дәрігер неврапатолог Л.Зиябаева, дәрігер-кардиолог М.Джамалова келген науқастарды қарап, сауығып кетулеріне барынша жағдай жасады.

Дүниежүзілік инсультпен күрес күніне арналған шаралар — халыққа осы ауру туралы мәлімет беруге, уақытылы диспансерлеу мен профилактикалық медициналық тексеруден өту, артериялық қысымды бақылау мен қауіп-қатер факторларын түзету қажеттілігін, сонымен бірге, инсульт белгілерін білу мен инсульт жағдайы орын алғанда өзіндік іс-әрекеттер мен айналадағы адамдардың әрекеттері туралы хабардар болуға негізделген.

КДО Өңірлік инсульт орталығының ашылғанынан 1 жыл болды. 24 орынды Инсульт орталығында заманауи техникамен жабдықталған Қарқынды терапия бөлімшесі, Ерте оңалту бөлмесі де бар. Мұнда қол-аяғы семденіп қалғандар ем алады. Жаттығу арқылы аяққа тұрып кеткендер бар. Осы уақыт аралығында орталықта 597 азамат ем қабылдады. Орталықтың бөлім меңгерушісі Г.Жұмабаеваның айтуынша, инсульт алып, орталыққа шұғыл жеткізілетін науқастардың саны артып отыр.

Нейрореанимация бөлімінің меңгерушісі Е.Мұстафаев: «Емдеу әдістерінің заманауи алгоритмдері бойынша 3-4,5 сағаттық «терапиялық терезе» белгіленген. Егер де инсульт басталған сәттен осы кезең аралығында тромболизисті емді жеке пациентке жасаса, онда денсаулығын тез қалпына келтіре алуымен, өлім-жітім деңгейі төмендеуі ықтимал. Біздің Клиникамызда бұл үшін барлық жағдайлар жасалған: жеке нейрореанимациялық төсектер, КТ, МРТ қондырғылары орнатылған. Жүйке жүйелері қатты зақымданған науқастарға күтім көрсету үшін заманауи жоғары технологиямен жабдықталған Нейрореанимациялық бөлімше инсульт орталығының ажырамас бөлігі болып табылады. Қабылдау бөліміне келген уақытта науқастар шұғыл түрде тексеріледі. Жағдайы ауыр науқастарды түпкілікті диагноз қою үшін КТ-ға жіберіп, содан кейін зақымдану ошағын емдеуге бағытталған консервативті немесе операциялық ем шаралар жасалады» -деп, осы шаралар жүргізілетін бөлімше жұмысымен толық таныстырып өтті.

Фото: Е.Сердәлі

Ақпарат орталығы