Студенттермен кездесу өтті

Кәсіби бағдар бөліміне басшы қызметіне тағайындалған Ұлдарай Батырқызы университетте білім алып жүрген «Алтын белгі» иегерлерімен, Халықаралық және Республикалық пәндік Олимпиадалардың жеңімпаздарымен, сондай-ақ, «Білім-инновация» (ҚТЛ) мектеп-лицейінен келген дарынды студенттермен кездесті.

Олардың ішінде ҰБТ бойынша ең жоғары балл алып, ерекше нәтиже көрсеткен студенттер де бар.

Кездесу Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің негізін қалаушы, академик Мұрат Жұрынов атындағы Сенат мәжіліс залында өтті. Кездесуге 5 тілде еркін сөйлейтін, Академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша 1 семестр бойы шет елде білім алған Аяжан Оралбек пен Ботагөз Унбаевалар да келді.

Әлемнің 12 мемлекетін аралап, жоғары білімді дамыту мүмкіндігіне ие болған Аяжан мен Ботагөз қазіргі таңда Әлеуметтік ғылымдар факультетінде білім алып жүр.
Түркі тілдес мемлекеттерден, олардың ішінде Қырғызстан, Түркіменстан және Өзбекстаннан келіп оқып жүрген Севара, Мақсат, Нозимахандар да өз ойларын ортаға салып, пікірлерімен бөлісті.

Бөлім басшысы Ұлдарай Батырқызы тамаша табыстарға қол жеткізген студенттерге білім алу саласында одан әрі үлкен жетістіктерге жете беруге тілектестігін білдіріп, студенттерге олармен бірлесе атқаратын кәсіби бағдар жұмыстары туралы айтып өтті. Сондай-ақ, алдағы уақытта университетті таныту мақсатында көптеген іс-шаралардың жүргізілетіндігі туралы хабардар етті.

P.S Кездесу өткеннен соң, университетті таныту мақсатында үздік, белсенді студенттерге арнайы фототүсірілім жасалды.

Еркебұлан Зейнуллаұлы,

Кәсіби бағдар бөлімінің жетекші маманы.