Жастар құқықтық сауаттылығын арттырды

9 қараша күні Ахмет Ясауи университеті Сенат залында ОҚО Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен «Жастардың құқықтық сауаттылығы мен профилактикасы әлеуметтік жобасы» аясында «Жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру» тақырыбында семинар-тренинг өтті.

Семинарға Түркістан қалалық ішкі істер басқармасының қызметкерлері, ХҚТУ Жастар орталығының басшысы А.Исмаилов, М.Әуезов атындағы ОҚМУ «Қылмыстық құқық криминология» кафедрасының аға оқытушысы, заң ғылымдарының магистрі Ж.Ибраев, ОҚО әкім аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ Қоғамдық көпшілік іс-шараларды ұйымдастыру бөлімінің маманы С.Байзахова, студенттер қатысты. Лектор С.Байзахова «Қазақстан Студенттер Альянсы», «Ауыл жастары» одағы, «Жасыл ел», «Студенттік құрылыс жасақтары», «Қазақстан жастары конгресі», «Жас Отан» жастар қанаты, «Жұмысшы жастар одағы», Ұлттық волонтерлік желі, Жастар ресурстық орталықтары, Жастар саяасаты мәселелері жөніндегі басқарма сияқты жастар ұйымдарымен студенттік қауымдастықтардың қызметі жайлы қызықтырып айтты. Сондай-ақ, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы білімнің салтанат құруы жөнінде тоқталып, ұлттық кодты сақтаған, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген азамат болуларын баса айтты. Лектор Ж.Ибраев өзінің осы ХҚТУ магистратура түлегі екенін мақтан тұтатынын айтып, жастардың құқықтық сауатты, білімді, жігерлі болуларын тіледі.

Жастарды құқықтық сауаттылыққа тәрбиелеу — олардың қылмысқа ұрынбауына, келеңсіз жағдайлардан аулақ болуға, қоғамға пайдалы істермен шұғылдануына көмектеседі. Құқық-әділеттік, теңдік, ізгілік және еркіндік қағидаттарына негізделген тәртіп ережелері. Бұл семинар — өз құқы мен міндетін білмей құқықтық сауатсыздық танытып, басқаның құқын сыйламаудың кесірінен көптеген келеңсіз жағдайларға тап болмау үшін керек. Құқықтық сауаттылықтың бас ұстанымы ретінде ҚР Конституциясының 12 және 14 баптарының қағидаттары алынғаны жөн. Онда адам құқықтары мен бостандықтары әркімге тумысынан жазылған, олар абсолютті деп танылады, олардан ешкім айыра алмайды, заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең делінген. Барлық адамдардың теңдігі, олардың қадірі мен құқықтарын сақтау фактілері — құқықтық сауаттылықты орнықтырудың ең басты ұстанымы.
Жастар құқықтық тәрбиелеуге арналған шарадан адамның құқықтары мен негізгі бостандықтарын құрметтеу, ой-пікір, ар-ұждан және діни сенім еркіндіктерін мойындау, адамның қадір-қасиетін сыйлау секілді құндылықтар жайлы терең мағлұмат алды.

Ақпарат орталығы