Түркістан. Халықаралық Біріккен Ұлттар Ұйымының моделі — 2017

«Түркістан. Халықаралық Біріккен Ұлттар Ұйымының моделі — 2017». Рухани астанамызда осындай атаумен конференция болып өтті. Жиында ғаламдық өзекті мәселелер, халықаралық қатынастардағы жаңалықтар, дипломатия негіздері кеңінен әңгіме болды. Осы бағыттардағы БҰҰ жұмысын модельдеу де назардан тыс қалған жоқ.

Жарқын болашаққа жарқын мақсатпен… «Түркістан Халықаралық БҰҰ моделі» жұмысы 2 комитет бойынша ұйымдастырылды. Қатысушылар қай тақырып болмасын, терең барып, соңын қызу пікірталасқа ұластырды. Озық ойлы жастар да әлемдік мәселелерді именбей қозғады. Бұл шара жеткіншектердің белсенді азаматтық ұстанымын дамытуға, белгілі коммуникативті дағдыларды қалыптастыруға үндейді. Әрі шәкірттердің көпшіліктің алдында сөйлеу қабілетін арттыруға көмектесетін тренинг.

Алқалы жиынға еліміздің бірқатар жоғары оқу орындары мен мектептерінен 80-ге жуық жас қатысты. Шымкент қаласының «Назарбаев зияткерлік мектебі», «Мирас» университеті, Мұхтар Әуезов атындағы ОҚМУ-нің өкілдері де — осы сапта.

Екінші рет шымылдық түрген шара жоғары деңгейде өтті. Қатысушылар тәжірибесін шыңдап, ресми келіссөздер жүргізуге машықтанды. Маңызды қарар қабылдап, жаhандық өзекті мәселеге өз үндерін қосты. Бұл — Елбасы айтқан бәсекеге қабілетті, белсенді ұрпақтың қарышты қадамы.

ПЕРИЗАТ Биназарқызы