Мақала байқауы өтті

5 желтоқсан күні Ғылыми кітапхана ұжымының ұйымдастыруымен ҚР еңбек сіңірген ғылым қайраткері, академик, публицист-жазушы, әдебиеттанушы Рахманқұл Бердібайдың 2 желтоқсан туған күніне орай 90 жылдығына арналған әдеби кеш өтті. Шара мақсаты — студенттердің патриотизм сезімін және біздің халқымыздың біртуар азаматы, әдебиет пен фольклорда өзіндік ізі бар Академик Рахманқұл Бердібайдың өмірі, ғылыми зерттеулері мен халқына жасаған қызметін жастарға кеңінен насихаттау. Кештің ашылу салтанатында Қазылар алқасының мүшелері, «Қазақ филологиясы» кафедрасының доценті Ж.Камалқызы, Ғылыми кітапхана директоры М.Әбсеметова, кітапхана координаторы А.Чингиз сөз сөйлеп, студенттерге сәттілік тіледі. Ғылыми мектеп қалыптастырған ғалымның ізбасар-шәкірті, өлмейтұғын мол мұрасын жаңғыртушы Ж.Камалқызы: «Адалдықты насихаттайтын ғылым әлемімен нұрланатын жастардың еңбектерін оқыдым. Ұлы тұлғаны тануға деген керемет әрекеттерін байқадым. Мысалы, Бибігүл деген қызымыз «Рахмантану» пәнін өту керек, сонда ғана ғалым еңбегін, зерттеулерін терең білетін боламыз деген тамаша ой жазған. Басқа да жастар жақсы ойлар айтқан. Ғалымның рұқсатымен көзі тірісінде кітаптарына картотека жасап, көп жұмыс істеген кітапхана ұжымына да алғысым шексіз. Ұлттың рухани қазынасынан нәр алуға талпынған жастарды көргенде қуанамын. Қадамдарың құтты болсын!» -деп, байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі. Жастар жазған мақалаларының мазмұнын, идеясын айтып, арнау өлеңдерін оқыды. Сөз өнерін меңгерген білімгерлер сайысы сараптауға салынды. Байқау нәтижесінде, мақала талдау бойынша I орынды Марат Қаниев, II орынды Бибігүл Иванова, III орынды Жігер Нұрдәулет және Шәкіржан Естемес иеленді. Академик Рахманқұл Бердібай рухына арналған қара өлең оқудан І орынды Жайдарман Аманбек, ІІ орынды Арқалық Әмәлият иемденді. I, II орындарға Ж.Камалқызының демеушілігімен 5000 теңге қаржы және «Рахманқұл Бердібай және қазақ романы» кітабы сыйға тартылды. Шара соңында қатысушылар Ж.Камалқызы сыйлаған кітаптарға қолтаңба қойдыртты. Ақпарат орталығы