Түркістандағы ТҮРКСОЙ-дың дүбірлі тойы

5 желтоқсан күні Түркістан қаласы, Ахмет Ясауи университетінің Мәдениет орталығында ТҮРКСОЙ Мәдениет министрлерінің ХХХV Тұрақты Кеңесінің отырысы және «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының салтанатты жабылуы өтті.

Тұрақты Кеңес отырысының ашылу салтанатында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, ТҮРКСОЙ ұйымына мүше елдердің мәдениет министрліктерінің өкілдері сөз сөйлеп, 2017 жылы Түркі халықтарының мәдени-рухани байланыстарын нығайту жолында атқарылған шараларды талқылады.
Алқалы жиында түркі дүниесінің мәдени-рухани байланыстары туралы, Түркістанда өткен мәдени шаралар бойынша пікірлер айтылды. Ұйымның алдағы жылға арналған жоспары нақтыланды. ТҮРКСОЙ ұйымына мүше елдердің мәдениет министрліктерінің өкілдері Тұрақты Кеңесінің ХХХV отырысының Декларациясы мен жұмыс хаттамасын қабылдап, қол қойды. Сонымен қатар, Кеңес отырысына қатысушылар қолөнер орталығындағы «ТҮРКСОЙ» бейнелеу өнері көрмесін тамашалап,«Түркі бағы» гүлзарының ашылу салтанатына қатысты.

Шара соңы «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының жабылуына арналған Гала-концертте жалғасты. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев құттықтау сөз айтып, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына, ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Д.Қасейіновқа «Оңтүстік Қазақстан облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін табыстады. Сондай-ақ, ХҚТУ Өкілетті Кеңес төрағасы, профессор М.Йылдызға, Түркістан қаласының әкімі Ә.Өсербаевқа, түркі тілдес мемлекеттерден келген өкілдерге арнайы сыйлықтар табыстады. Ал, ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Д.Қасейінов Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаевқа бір жыл жемісті еңбегі үшін «Түркістан – Түркі дүниесінің мәдени астанасы» сертификатын табыстады.

Сонымен, Түркі әлемінің 2018 жылғы мәдени астанасы болып Түркия Республикасының Кастамону қаласы таңдалды. ТҮРКСОЙ ұйымының туын, түркі әлемінің мәдени астанасы символын Кастамону губернаторы Яшар Караденизге ерекше құрметпен табыстады.
«Түбі бір түркілер» хореграфиялық-пластикалық композициясынан басталған Гала-концертте түркі дүниесінің өнерпаздары өнер көрсетті. Концерттік бағдарламада Қазақстан, Башқұртстан, Саха-Якутия, Тыва (РФ), Түркия, Өзбекстан, Қырым автономиялық республикасы, Әзірбайжан мемлекетінің әнші, бишілері ұлттық өнерін паш етті. «Түркі әлемінің 2017 жылғы мәдени астанасы» жылы мәресіне жетіп, тамаша от шашумен аяқталды.

Ақпарат орталығы