№3 Сенат мәжілісі

29 желтоқсан күні Мәдениет орталығының кіші залында №3 Сенат мәжілісі өтті. Мәжіліске сенат мүшелері және құрылымдық бөлім басшылары мен күн тәртібіне қатысы бар бөлім қызметкерлері қатысты.

Университет ректоры, профессор У.Әбдібеков және І вице-президент, профессор М.Куталмыш ұжымды жаңа жылмен құттықтап, мерейтой иелерін, жетістікке қол жеткізген оқытушы-профессорларды алғыс хат, құрмет грамотасымен марапаттады. Атап айтсақ, вице-президент, профессор М.Эрен ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Сонымен қатар, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ұйымдастырған «Жылдың үздік ұстазы» республикалық байқауының І дәрежелі дипломымен Б.Сердәлі, Ж.Исаева, Г.Жораева, Ғ.Исаев, «Ясауи» төсбелгісімен М.Тұңғышбаева, Алашорда үкіметі мен автономиясының 100 жылдығының құрметіне профессор Т.Хазретәлі естелік медалімен, «А.Байтұрсынов атындағы» төсбелгімен профессор С.Тұртабаев марапатталды.

Күн тәртібінде өзекті мәселелер қаралды. Даму және қаржыландыру жөніндегі вице-президент М.Эрен, Өндірістік-шаруашылық ісі жөніндегі вице-президент Н.Батырбаев «2017 жылғы университеттің материалды-техникалық, қаржылық-шаруашылық қызметтерінің қорытындысы. 2018 жылға арналған қаржылық жұмыстарды жоспарлау, бекіту мәселесі туралы», Ұйымдастыру және тәрбие ісі жөніндегі вице-президент Б.Мухамеджанов «Университеттегі тәрбие және мәдени жұмыстардың барысы туралы» есеп берді. Сондай-ақ, вице-президенттер, профессор Н.Ажиханов, Т.Раимбердиев оқу үдерісіне, ғылымға қатысты мәселелерді нақтылап алды.

Сондай-ақ, Ғылыми атақ алу үшін университет ОПҚ-ның құжаттарын ҚР БҒМ-нің Бақылау комитетіне ұсыну туралы; университет Ережелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу, бекіту туралы; ОПҚ-ның дайындаған оқулық, оқу құралы мен монографияларын баспаға ұсыну туралы, Докторанттар мен магистранттардың диссертациялық тақырыптарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу және бекіту мәселесі секілді әртүрлі мәселелер де қаралды.

Сенат мүшелері белсенділік танытқан мәжіліс қызу талқымен өтті. Ұсынылған қаулы жобалары бірнеше түзетулермен бекітілді. Енді сол жобаларды нақты іске асырып, жаңа жұмыстарға кірісетін басшыларға сәттілік тілейміз!

Ақпарат орталығы