Алғашқы көмек: жаңғырту, дамыту

5 қаңтар күні Ғылым бөлімінің ұйымдастыруымен алғашқы медициналық-санитарлық көмек бойынша БДСҰ/ЮНИСЕФ Декларациясының 40 жылдығына арналған Ғаламдық халықаралық конференцияның алғашқы отырысы өтті. Мерейлі конференция ең үздік сарапшылардың басын қосты.

Онлайн режимде өткен отырыста ҚР ДСМ жұмыс тобы Штабы Секретариатының басшысы У.И.Ахметов, С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ зерттеу қызметі бойынша проректоры Б.С.Жүсіпов бейне байланыс арқылы баяндама жасады. Ғылыми абстрактілеуді ұсыну бойынша әдістемелік нұсқаулардың жобаларын талқылау және бекіту; Абстрактіні бағалау критерийлерін талқылау және бекіту бойынша, т.б. медициналық өзекті мәселелерді атап өтті.

Селекторлық мәжіліске Медицина факультетінің білікті дәрігерлері, оқытушы-профессорлары қатысты. Атап айтсақ, «Адам морфологиясы» кафедрасының профессоры И.А.Ишигов, «Профилактикалық медицина» кафедрасының доценті С.А.Ерманова, «Хирургиялық аурулар» кафедрасының профессоры Ш.М.Сейдинов, «Профилактикалық медицина» кафедрасының профессоры А.К.Қуандықова, Медицина ғылыми-зерттеу институтының директоры Ы.С.Молдалиев, «Арнайы клиникалық пәндер» кафедрасының меңгерушісі Г.О.Нұсқабаева, «Адам патологиясы» кафедрасының доценті А.К.Әшірбеков қатысты.

Қазақстанның денсаулық сақтау саласын және жалпы еуропалық өңірдің дамуы үшін қабылданған декларацияның рөлі ерекше. Конференцияда елдердің өзара тәжірбие алмасуына, алғашқы медициналық-санитарлық көмек инновациялық формасымен қамтамасыз ете отырып денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру ұсыныстарын анықтау, медбикелік әлеуетті арттыру, халықтың денсаулығына әсер ететін өзге де секторларды денсаулық сақтау саласына тарту, алғашқы медициналық-санитарлық қызметті компьютерлендіру мен ақпараттық технологиялармен қамтамасыз ету, т.б. өзекті мәселелер айтылды. Конференцияға қатысушылар әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің дәрігерлік тәжірибенің дамуы мен мамандарды дайындау, алғашқы медициналық-санитарлық көмек сапасын арттыру мен қолжетімділігін қадағалау және алдын алу бағдарламаларын дайындау, транспорттық медицинаның дамуы, ауылдық жерлерге денсаулық сақтау қызметін жетілдіру, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, сектораралық әріптестікті қалыптастыру секілді салалардағы тәжірибелерін қарастырды.

Ақпарат орталығы