Стоматология факультеті ғалымдарының семинары

11 қаңтар күні  Стоматология факультетінің ғалымдары арасында ғылыми семинар өтті.

Семинарды Ғылым және инновациялық істер жөніндегі проректор, профессор Т.П.Раимбердиев және Медицина саласы бойынша саларалық Ғылыми техникалық кеңес төрағасы, м.ғ.к., доцент Н.Жұманазаров жүргізді.
Семинарды өткізудің басты мақсаты — университет ғалымдары арасында ғылыми бағыттағы ізденістерін насихаттау. Сонымен қатар, қоғамдық денсаулық сақтау, стоматология саласында ғылымның өрлеуіне негіз болатын ғылыми бағыттар өзектілігін бағалауды қалыптастыру сияқты мәселелер аясында сөз қозғалды. Семинар міндеті  — ғалымдардың ғылыми-сарапшылық әлеуетін көтеру, ғылыммен айналысуына бағыт-бағдар беріп, ықпал жасау болып табылады. Бұл міндеттер өз дәрежесінде жоғары деңгейде орындалды. Ғалымдар өз еңбектерінің жақсы бағаланып, ғылыми сарапқа салынғанына, ғылыммен айналысуларына барлық мүмкіндіктер жасалынғанына ризашылықтарын білдірді. Инемен құдық қазғандай білім жолында жүрген ғалымдар бір-біріне қолдау жасап, ой-пікірлерін ортаға салды.
Ғалымдар Р.И.Ашурметов, Г.К.Аширбеков, А.Н.Темирбеков, Н.К.Ходжаев, М.И.Омаралиев, А.К.Мамырбекова, Д.К.Иманова, М.А.Искендиров, Ф.Т.Темуров ғылыми зерттеулері бойынша баяндама жасады. Ғалымдар ғылыми-зерттеу жұмыстары, ғылымдағы жаңалықтары бойынша атқарып жатқан жұмыстары жайлы маңызды мәліметтер айтты. Ғылыми жобалары бойынша нақты деректер, құнды мәліметтер келтірді.
Шара соңында семинарды ұйымдастырушы  проректор Т.П.Раимбердиев ғалымдар жұмысына оң бағасын беріп, алдағы ғылыми жұмыстарына сәттілік тіледі.

Ақпарат орталығы