Ұстаздар Жолдау міндеттеріне қанықты

Бүгін 12 қаңтар күні Ахмет Ясауи университетінде Әлеуметтік ғылымдар факультетінің оқытушы-профессорлары Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауын кеңінен талқылады.
Талқылауға Әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы, профессор М.Топлу, Тәрбие және мәдени істер департаменті директоры Л.Есентаева және оқытушы-профессор құрамы қатысты .
Жиынның мақсаты – Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауын талқылап, міндеттер мен межелер жайында пікір алмасу.
«Қоғамдық ғылымдар және журналистика» кафедрасының профессоры С.Садықов жолдаудың жетінші бағыты «Адами капитал – жаңғыру негізі» мен тоғызыншы «Жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі» міндеттеріне кеңінен тоқталып, баяндама жасады. Баяндамада білім берудің сапасын жетілдіру, жаңа білім жүйесін қалыптастыру, дамыту, жастарды жаңа технологиялық қалыпқа дайындау, жемқорлықпен қарсы күрес іс-әрекеттері төңірегінде тұжырымдарын ортаға салып, жан-жақты түсіндірді.
С.Садықов Елбасы Жолдауында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру әрбір Қазақстан азаматтарының борышы екендігін, міндеттерді орындауда бірлесіп жұмыла жұмыс жасау қажеттігін тілге тиек етті.
Фото: Е.Сердәлі,
Ақпарат орталығы