Ерлікті ескеру елдіктен!

14 ақпан күні, Мәдениет орталығының кіші залында студенттер Ауған соғысы ардагерлерімен кездесті.
15 ақпанда Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 29 жыл болады. Кездесуге келген ардагерлер Кеңес әскері құрамында Отан алдындағы интернационалдық борышын өтеп, азапты ауыр кезеңді өткерді. Қайсар жауынгер ардагерлердің ерлігі бүгінде жастарға үлгі.
Патриоттық тәрбие беретін кеш басы қаза тапқан жауынгерлерді үнсіздікпен еске алып, жауынгерлер рухына тағзым етумен басталды. Үлкен тәрбиелік мәні бар, тағылымы мол тәлімдік шараны ұйымдастырушы – Тәрбие және мәдени істер департаменті және Ардагерлер ұйымы.
Шара тізгінін қолына алған Ардагерлер ұйымының төрағасы, профессор Б.Накипов ардагерлерді әңгімеге тартып, ауған соғысының тарихын жас ұрпаққа тағылым ретінде баяндады.
Университетіміздің ардагер ұстаздары мен қызметкерлері: м.ғ.к., доцент Г.К.Аширбеков, м.ғ.д., профессор И.А.Ишигов, м.ғ.д., профессор С.Н.Жұмашов, Ботаникалық бақ қызметкері К.Өмірбаев, №2 қазандық операторы А.Әкеев, №3 қазандық операторы Б.Сексенбаев, Мәдениет орталығының кезекшісі И.Байболов жастарға патриоттық әңгімелер айтып, сұрақтарға жауап берді. Жастарға әскери борыш маңызын, антқа деген адалдықты, отансүйгіштік, ұлтжандылық туралы ұлағатты әңгімелер айтты. Ардагерлеріміздің кеуделері тарихтың ізі жатқан медальға толы, айтқан естеліктері шерлі сырға толы екен. Әр сөздерінен қиын ауыртпалықтың салмағы, сұм-сұрапыл соғыстың зардаптары, патриоттық ерлік, жүректеріне түскен қорқыныш пен үрейдің зілі есіп тұрды.
Тәлімді кеш соңында ардагерлерге Тәрбие және мәдени істер департаментінің директоры Л.Есентаева, ардагерлер ұйымының төрағасы Б.Накипов құрмет көрсетіп, Алғыс хат, сый-сыяпат табыстады.

Ақпарат орталығы