Цифрландыру – білім беру үдерісіндегі маңызды қадам

2 наурыз күні университет жанынан құрылған Қоғамдық келісім кеңес мүшелері Ғылым және инновациялық істер жөніндегі проректор, профессор Т.П.Раимбердиевтің төрағалығымен дөнгелек үстел өткізді.
Профессор Т.Раимбердиев: «ҚР-ның Президенті Н.Ә.Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауы мен «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында:«IT қызмет көрсетуді дамыту ерекше маңызға ие болып отыр. 2018 жылы «цифрлық дәуір» өнеркәсібін қалыптастыруға арналған индустрияландырудың үшінші бесжылдығын әзірлеуге кірісу керек», — деп атап көрсетілген. Осы орайда менің тікелей жетекшілік жасауыммен, Өкілетті Кеңес Басқармасы тарапынан қаржыландырылатын «Жасөспірімдердің IT бағытындағы шығармашылық қабілеттерін сараптау арқылы дамыту әдістемесі» тақырыбындағы ғылыми-зерттеу жобасы туралы айта кетейін. Жоба аясында Инженерия факультеті, «Компьютерлік ғылымдар» және «Компьютерлік инженерия» кафедраларының оқытушылары мен ақпараттық жүйелер мамандары Компьютерлік графика және мультипликация; Интернет-технологиялар; Компьютерлік ойындарды әзірлеу бағыттары бойынша біліктілік арттыру курсынан өту үстінде. Біз келісім-шарт жасасқан Ресей Федерациясы, Ю.А.Гагарин атындағы СМТУ-нің APTECH оқу орталығының жанынан құрылған «Балалар компьютер мектебі» ТМД мемлекеттеріндегі теңдесі жоқ, 7 жастан бастап оқыту әдістемесі мен бағдарламалары бойынша 20 жылдан астам тәжірибесі бар бірден-бір орталық. Университетімізді жарнамалау мақсатында аталмыш бағдарламаға сәйкес тұңғыш рет Қазақстан аймақтары бойынша мектеп жасындағы (7-17 жас аралығы) балалардың ІТ-білім деңгейін жоғарылату, шығармашылық қабілеттерін дамыту және жаңа бағдарламалық білім серпілісін беру арқылы болашаққа ынталандыру үшін жасөспірімдерге онлайн-режимде тегін курстар ұйымдастыру мақсатында заманауи ІТ-білім мен дағдыларды меңгеріп, сертификатталған оқытушылар мен мамандарымыз Қазақстан аймақтарының мектеп мұғалімдері мен оқушыларына онлайн-режимде сабақ жүргізеді»- деп, жоба туралы жан-жақты айтты.
Сондай-ақ, күн тәртібіне орай п.ғ.к., аға оқытушы Г.Қошанова «Жоғары білім беруді цифрландыру жағдайында болашақ мамандарды даярлауды жетілдіру» тақырыбы бойынша баяндама жасады. Цифрлық саясат туралы, университетте цифрландыру бойынша қолға алынған іс-шаралар, жеке білім беру траекториясы туралы, т.б., мәселелерді айтты.

Ақпарат орталығы