Қырғыз бауырлар «Ақ қалпақ» мерекесін атап өтті

2 наурыз күні Мәдениет орталығының үлкен залында қырғыз халқының дәстүрлі мерекесі «Ақ қалпақ күніне» орай мерекелік іс-шара өтті.
«Түркі дүниесі жастары» клубы мен университетте білім алып жатқан қырғыз студенттерінің ұйымдастыруымен қырғыз халқының ұлттық нышанын танытатын «Айыр қалпақ» яғни «Ақ қалпақ» мерекесі салтанатты түрде аталып өтті. Қырғыздардың айтуынша, бұл мереке қырғыз елінде ресми түрде 2011 жылы 5 наурыз күні қабылданған.
Қырғыз жастары мен Дайындық факультетінің білімгерлері концерттік бағдарламада өздерінің өнерлерін көрсетті. Қырғыз халқының дәстүрлі эпосы «Манас» жырланып, ұлттық аспаптарында ойнап, қырғыз тілінде ұлттық дәстүрлі әндер шырқалды, бишілер өнері де тамашаланды.
Даму және қаржыландыру ісі жөніндегі проректор М.Эрен және профессор Қ.Ергөбек, «ОҚО қырғыз этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы А.Калменова және «ОҚО қырғыз этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестік басшысының орынбасары Н.Календеров айтулы мерекемен құттықтап, жастарға алғысын айтып, оқуда сәттілік тіледі. Келген қонақтар университет басшыларына қырғыз халқының салт-дәстүрі бойынша «Ақ қалпақты» сыйға тартты.

Ақпарат орталығы