Наурыз думан

7 сәуір күні Ахмет Ясауи университеті ұжымы Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесін атап өтті.
Салтанатты мерекелік шараны ұйымдастырушылар – Кәсіподақ комитеті, Тәрбие және мәдени істер департаменті, Продюсерлік орталық.
Шара шымылдығы «Төрлет наурыз» тамаша музыкалық композициясымен ашылды.
Университет президенті, профессор У.Әбдібеков, даму және қаржыландыру ісі жөніндегі вице-президент, профессор М.Эрен, Түркістан қаласының әкімі Т.Мұсаев, Түркістан қалалық ақсақалдар алқасының төрағасы Ж.Құлбайымбетов ұжымды мерекемен құттықтап, ыстық тілектерін айтты.
Сондай-ақ басшылар 40-тан аса жемісті еңбек етіп жүрген белсенді оқытушы-профессорларды, қызметкерлерді Алғыс хатпен марапаттады.
12 қанатты киіз үйлермен, 8 факультеттің ақ дастарханымен, әсем безендірілген сахнамен жайнап сала берген наурыз мерекесі ұжымның ынтымағының, береке-бірлігінің тамаша көрінісі болды. Концерттік бағдарламада «Шабыт» би ансамблі «Көктем аруы», «Шашу» биін, «Дарын» тобы «Халқым-ай» әнін, Н.Қасымбек «Ата толғауы» күйін, Төлеген Бағлан «Жүрегім қазақ», Төлеген Досхан «Толғау» әндерін, Әлжан Балнұр «Оф-оф» түрік әнін, Старостина Диана «Саахы уруйдуубн» якут әнін, Төлеген Руслан «Мерекем» әнін, әзірбайжан ұлтының студенттері әзірбайжан биін, Оразбек Фариза және бір топ өнерпаздар «Наурыз думан» әнін орындады.
Ақшаңқан киіз үйлерде ақ тілек айтып, наурыз көжеден дәм татқан көпшілік көтеріңкі көңіл-күйде болды. Қонақтар ұлттық спорт ойындарына қатысып бақ сынасты. Жастар алтыбақан құрып, ауылдың алты ауызын орындады.
Сондай-ақ, оқу орнының орталық Студенттер асханасында барлық студенттерге мерекелік дастархан жайылды.

Ақпарат орталығы