Бос орындар жәрмеңкесі өтті

Бүгін 10 сәуір күні оқу ордамызда «Жұмысқа орналастыру орталығының» ұйымдастыруымен бітіруші курс білім алушыларына арналған бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті.
Жәрмеңкеге 80-ге жуық жұмыс беруші кәсіпорын, мекеме, ұйымдар мен басқарма басшыларының өкілдері қатысып, бітіруші түлектермен кездесті. Биылғы жылы университеттің Әлеуметтік ғылымдар, Гуманитарлық ғылымдар, Инженерия, Филология, Жаратылыстану, Өнер факультеті бойынша 59 бағыттағы мамандықтар ұсынылып, таныстырылды.
Келген жұмыс ұсынушылар бітіруші түлектерге ғылым мен білімнің терезесін тең ұстап, еліміздің өркендеуіне үлес қосатын жақсы маман болып қалыптасуына тілектерін білдірді. Сонымен қатар жәрмеңкеде орыс тілі мен әдебиеті, педиатрия, акушер-гинеколог, анестезиолог, реаниматолог, неонатолог, офтальмолог саласы бойынша мамандар ауадай қажет екендерін айтты. Жәрмеңке шарасы жұмыс берушілер кеңесінің отырысымен жалғасты. Кеңесте білім беру бағдарламалары жұмыс берушілермен талқыланып, сараптамадан өткізілді.
2018 жылы ХҚТУ-нен 1272-дей университет түлектері бітіреді деп жоспарлануда. Олардың ішінде: бакалавр-580, интернатура-495, резидентура-24, магистратура-85, докторантура-35. Іс-шарада түлектер үшін құнды мәліметтер, жұмыс іздеген жанға таптырмас деректер айтылып, презентациялар мен шеберлік сыныптар өткізілді.
Ақпарат орталығы