77 ОҚУШЫ УНИВЕРСИТЕТ БІЛІМ ГРАНТЫН ЖЕҢІП АЛДЫ

Еліміздің 77 оқушысы Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің білім грантын жеңіп алды. Олар бұл жетістікке V Республикалық «Яссауи» пәндік олимпиадасының қорытындысы негізінде қол жеткізді. 6500 шәкірттің арасынан оза шапқандарды оқу орнының басшылығы құттықтап, еліміздің білім көкжиегінде жоғары жетістікке жететіндеріне сенім білдірді.

Уәлихан Әбдібеков – Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры

Біз оқимын, талпынамын деген балаларға қашанда қолдау білдіруге әзірміз. Оның дәлелі — осы сайыс. Еліміз, Елбасымыз қашанда білім саласына жіті көңіл бөліп отыр. Оның айғағы осы білім гранттары. Құтты болсын!

Республикалық пән олимпиадасына еліміздің 14 облысынан және Астана, Алматы қалаларынан 11-ші сыныпта оқитын 6500-ге жуық оқушы қатысты. Шара Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы негізінде қолға алынып отыр. Мақсат – ел ішінде дарынды балаларды анықтай отырып, оларға қолдау жасау. Оқушылардың тегін сапалы білім алуына мүмкіндік туғызып отырған олимпиада жастардың интеллектуалды және шығармашылық қабілеттерін арттыра түседі,-дейді ұстаздар.

Гүлшат Омарова – пән мұғалімі  /Қарағанды/

Жас буынның ой- өрісі жетік дамыған. Оны осы сайыстан аңғарып отырмыз. Біз Қарағанды облысынан келіп отырмыз. Барлық балаларды қарап отырып, міне, таңданудамыз. Жақсы дайындалған. Бірінен бірі озып тұр.

Байқау жеңімпаздарына ҰБТ-дан 50 баллдан жоғары ұпай жинау шартымен Ахмет Яссауи университетінде шәкіртақысыз тегін білім алу құқығы берілді. Ал, сайыста сағы сынғандар ҰБТ-да жинаған 50 ұпаймен 25 тамызда сарапқа салынатын Түркия мемлекетінің 700 грантын иелену мүмкіндігі бар.

Ұлан Зейнелқабден – грант иегері (Ақмола облысы)

Біз 5 бала болып келген едік, екеуі ұтылып қалды. Мына оқу орнын көріп қызығып отырмыз. Базасы өте жоғары. Аралап көрдік, таңданып тұрмыз.

Айтып өтейік, үш айға жалғасқан олимпиаданың І іріктеу кезеңі – online түрде 2018 жылдың 1-4 наурыз күндері өткізілген. Жалпы 6500-ге жуық оқушы өтініш білдірген. Университет базасында өткен ІІ кезеңге 454 оқушы қатысып, 77 жасөспірім жеңімпаз атанды. Енді олар осы оқу орнының студенттері сапына енеді.

П.Биназарқызы