Түркістанға Нобель сыйлығының иегері, профессор Азиз Санжар келді

Нобель сыйлығының иегері, профессор Азиз Санжар Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне арнайы сапармен келді,- деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Оқу орын ұжымы мен студенттерімен кездескен профессорға университет ректоры У.Әбдібеков, университет Өкілетті Кеңес төрағасы, профессор М.Йылдыз, Өкілетті Кеңес мүшесі, профессор М.Шимшек, ректор өкілі, профессор М.Куталмыш сөз сөйлеп, ғалымның жетістігін айтып, алғыстарын білдірді. Басшыларпрофессор Азиз Санжарға университеттің «Құрметті профессоры» академиялық атағын беріп, сый-сыяпат табыстады.

Профессор Азиз Санжар Нобель сыйлығының жүлдегері атанған екінші түрік азаматы. 2015 жылы швед ғалымы Томас Линдал және америкалық Пол Подричпен бірге әзірлеген «ДНҚ-ның қалпына келу механизмі» жаңалығы негізінде Химия саласындағы Нобель сыйлығының иегері атанған. Түрік және америкалық биохимик ғалымның бұл жетістігі үшін бүкіл түркі әлемі қуанған болатын.

Шара барысында сөз алған профессор Азиз СанжарТүркі дүниесінің алтын бесігі — киелі Түркістанға келгеніне қуанышты екенін жеткізді. Ғылыми ізденістері жайлы, жетістіктері туралы айтты. Нобель сыйлығына ие болған ғылыми-зерттеу жұмысы жайында егжей-тегжейлі баяндады.

«Мен үшін бұл үлкен құрмет, мақтаныш. Өйткені түркі халықтарының бұл құрметіне лайық болу үшін өзіме бір міндет алған сияқтымын. Менің ойымша, ғалымның табысты болуы үшін үш маңызды қасиет қажет: білімге негізделген шығармашылық, қажымас еңбек және талмас табандылықты қажет етеді. Мен бұл тақырыпты зерттеу үшін 45 жылымды арнадым. Сондықтан жастарға айтатыным, білімді саясат пен футболмен араластырмаңдар, уақыт маңызды сондықтан бар зейіндеріңді білімге арнаңдар»-деп профессор өз кеңесін бірді.

Жастар бүкіл түркі дүниесінің мақтанышына айналған ғалыммен кездесуден үлкен әсер алды. Білім мен ғылымға ден қою үлкен жетістікке жетелейтініне көздері жетті. Әлемдік ғылымның шыңын бағындырған ғалымның дәрісін тыңдау студенттер үшін өмірлік тәжірибе болды.

Айта кетейік, Қазақстанға алғаш рет келген профессор 16 сәуір күні Алматыда өткен ІІІ Халықаралық экономика, қаржы және энергия конгресіне қатысып, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық мемлекеттік университетінің студенттерімен кездескен болатын.