Университет күні мерекесі

5 мамыр күні оқу ордамыздың «Тәрбие және мәдени істер департаменті» және «Продюсерлік орталықтың» ұйымдастыруымен «30 Сәуір Университет күні» мерекесі және 1998 жылы бітірген түлектерінің салтанатты бас қосу кеші өтті. 1994 жылы білім ошағына қадам басқан білімгерлердің бітіргеніне биыл 20 жыл. Университетте білім алған кешегі түлектер-бүгінгі мамандар. Қазіргі таңда әртүрлі салада еліміздің елеулі азамат пен азаматшалары мемлекеттік қызметтер мен ірі кәсіпорындарда қызмет етуде.Барлығы да айтулы жетістіктерге жетіп, еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қосып келеді.
Мерекенің ашылу салтанатын университет проректоры, профессор Б.Мұхамеджанов және Даму және қаржыландыру ісі жөніндегі проректор доцент, доктор М.Эрен жүрекжарды құттықтау сөздерімен ашып, тарихи сәттерден естеліктер айтты. Сондай-ақ, университеттің 1998 жылғы түлектерін «Ахмет Ясауи университетінің 25 жылдығы» төсбелгісімен марапаттады.Түлектер студент кездерінен қызықты естеліктерінен көңіл толқытарлық кездерін айтып, ұстаздарға алғыстары мен жылы лебізін білдірді.
Шара университет өнерпаздарының салтанатты концертімен жалғасты. «Бисұлтан» би ансамблі түркі халықтарының достығын паш ететін, университеттің «төлқұжатына» айналған «Достық» би композициясын, ұлттық билерді орындады. Қазақ және түрік тілдерінде ән шырқалып, елімізге танымал КТК «Байдың балалары» командасының мүшесі Ұлан Мықтыбек жайдары әзілімен көрермендер назарына ұсынды. Сонымен қатар университетіміздің түлегі әнші Лаззат Байырбекова ән шашу тарту етті.
Кеш соңында түлектер университеттің оқу ғимараттары мен студенттік қалашықты аралап, естелікке суретке түсті.

Ақпарат орталығы