НОБЕЛЬ СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ИЕГЕРІ — ТҮРКІСТАНДА

Халықаралық Нобель сыйлығының иегері, профессор Азиз Санжар Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне арнайы сапармен келді. Оқу орнының ұжымымен, студенттерімен кездескен оған… білім ұясының «Құрметті профессоры» академиялық атағы берілді. Қазақы салт-дәстүрге сай, мәртебелі мейманның иығына зерделі шапан жабылып, сый-құрсет көрсетілді.

Профессор Азиз Санжар 2015 жылы «ДНК-ның қалпына келу механизмі» жаңалығы негізінде Химия саласындағы Нобель сыйлығының иегері атанған. Ол бұл жобаны швед ғалымы Томас Линдал және америкалық Пол Модричпенбірге әзірлеген. Түрік және америкалық биохимик ғалымның бұл жетістігі үшін бүкіл түркі әлемі қуанған болатын.

Мехмет Куталмыш – Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің І вице-президенті

Санжар Азизов 1946 жылы туылған. Оның түркі мемлекеттеріне сіңірген еңбегі орасан. Ғылым ашып, әлемді өзіне қаратқан түркі азаматы. Біз оқу орнының студенттерін осындай атпал азаматтармен кездестіру арқылы олардың ілім-білімге деген құштарлығын арттырамыз.

Шара барысында сөз алған профессор Азиз Санжар  Түркі дүниесінің алтын бесігі — киелі Түркістанға келгеніне қуанышты екенін жеткізді. Нобель сыйлығына лайық деп танылған ғылыми ізденісі туралы баяндады. Қажырлы еңбектің нәтижесінде үлкен шыңдарға шығуға болатынын жастарға айтты.

Уәлихан Әбдібеков – Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры

Жастар міне осындай азаматтардан мотивация алуы тиіс. Біз үшін жоғары мәртебеге ие азаматпен арнайы кездесіп отырған сіздер бақыттысыздар.

Жастар бүкіл түркі дүниесінің мақтанышына айналған ғалыммен кездесуден үлкен әсер алды. Білім мен ғылымға ден қою үлкен жетістікке жетелейтініне көз жеткізді. Әлемдік ғылым шыңын бағындырған ғалымның дәрісін тыңдау студенттер үшін ерекше бақыт болды.

П.Биназарқызы