ИНСТИТУЦИОНАЛДЫ АККРЕДИТТЕУ ПРОЦЕДУРАСЫ АЯҚТАЛДЫ

Таяуда Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігімен (АРТА) жасалған келісім-шарт (18/148 20.02.2018 ж.) негізінде институционалды аккредиттеу процедурасы жүргізілді.
Университетімізде институционалды аккредиттеу талаптары аясында 12 стандарт бойынша өзіндік бағалау есебі дайындалып, аккредиттеу процедурасының мерзімі және шарттары туралы аккредиттеу агенттігімен келіссөз жүргізіліп тұрған болатын. АРТА агенттігі тарапынан өзіндік бағалау есебіне алғашқы талдау және бағалау жүргізіліп, онда көрсетілген ескертулер, ұсыныстар мен кемшіліктер толығымен түзетілді.
Сыртқы сараптау комиссиясының сыртқы бағалау жұмысы 2018 жылы 10-12 мамыр аралығында аккредиттеу үдерісін тиімді өткізу және өзін-өзі бағалау есептерінде көрсетілген деректердің нақтылығын бағалау үшін агенттік тарапынан келген 1 халықаралық аккредиттеу органының мүшесі, еліміздің жоғары оқу орындарының, жұмыс беруші мекемелердің, студенттік жастар ұйымының өкілдері — барлығы 7 сарапшымен (комиссия төрағасы Шүңкеев Қ.Ш., халықаралық сарапшы Ерика Ваигиниене, сарапшылар Масалимова Ә.Р., Төртқараева Г.Б., жұмыс берушілер өкілі Абдікадырова А.М., студенттер өкілі Әлжан Д.Р., агенттік байқаушысы Канапьянов Т.Е.) ұйымдастырылды.
Университетте Аккредитация және рейтинг орталығының ұйымдастыруымен өткен сыртқы сарапшылар тобының 3 күндік жұмыс бағдарламасы: жоғары басшылықпен кездесу, университетпен танысу, вице-президенттермен жеке-жеке сұхбат, оқытушы-профессорлар құрамымен сұхбаттар, декандар, әкімшілік-басқару аппаратының басшыларымен сұхбат, студенттермен (факультеттер бойынша) сұхбаттар, бітірушілермен және жұмыс берушілермен сұхбаттар, жекелеген кафедралармен кездесу және дәрістерге қатысу, жатақхана, кітапхана, медициналық қызметпен танысу, сауалнамалар жүргізу және қорытындылау нұсқасында жүргізілді.
Аккредиттеу барысында оның миссиясы, мақсаттары мен міндеттері, қызметті жоспарлау мен оның тиімділігі, басшылық және менеджмент, білім беру бағдарламаларының сапасы, оқытушы-профессорлық құрам және оқытудың нәтижелілігі, студенттердің білім деңгейі, ЖОО-ның ғылыми-зерттеу және қаржы қызметі, материалдық-техникалық базаның, кітапхана мен ақпараттық ресурстардың қазіргі білім беру стандарттарына сәйкес келуі толық бағаланды.
Ендігі кезек — Астана қаласында өтетін Аккредиттеу Кеңесінде университетіміз туралы институционалды аккредиттеудің шешімін күту болмақ.

Аккредитация және рейтинг орталығы