Ахмет Ясауи университеті ұжымы Түркістан облысының құрылуына орай қуаныштарымен бөлісті

Бүгін, 21 маусым күні Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ұжымы рухани астананың Түркістан облысы мәртебесіне ие болуына орай салтанатты шара өткізді. 

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан Республикасының Әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңының 9-бабына сәйкес, Шымкент қаласына республикалық маңызы бар қала мәртебесін беру және облыс орталығын Түркістан қаласына көшіру туралы Жарлыққа қол қоюы – халық үшін қуанышты жаңалық болды. Университет ректоры Б.С.Абдрасилов және ректор өкілі М.Куталмыш оқу орда ұжымын тарихи маңызды оқиғамен құттықтады.

Ректор Б.С.Абдрасилов: «Киелі Түркістан қаласының Түркістан облысының орталығы атанып, облыс мәртебесіне ие болуы құтты болсын! Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаев Түркістан тарихындағы үлкен маңызға ие шешім туралы Қазақстан халқына арнайы хабарлады. Қасиетті Түркістанды облыс мәртебесіне көтерген Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың көрегенділігіліне университет ұжымы атынан ризашылығымды білдіріп, рахмет айтқым келеді. Түркістан — қазақ хандығының астанасы болған, екі мың жылдық тарихы бар, Ұлы Жібек жолы тоғысқан киелі қала.Мәңгілік елді Ұлы мұрат тұтқан қазақ елінде үлкен қуанышты оқиғаның орын алуы барша қазақстандықтарды қуанышқа кенелтіп отыр. Қазақ тарихындағы Ұлы шешімдер қабылданған қазақ хандығының ордасы болған шаһардың мәртебесі өсіп отыр. Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың Түркістан облысын құру туралы Жарлығы киелі қаламыздың өсіп-өркендеуіне тың серпін беретін болады. Қала аумағында үлкен құрылыстар жүріп, тарихи қала қайта жаңғырып түлейді. Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласымен астасып жатқан бұл шешім қаламыздың қайта жаңаруына септеседі. Қаламыздың облыс орталығы атануы біздің университетіміз үшін де үлкен серпіліс береді. Оқу орнымыздың әлеуеті өсе түсетін болады. Білімді жастардың қаламызға қызығушылығы артады. Университетте студенттер контингенті өсіп, түркі дүниесіндегі, республикамыздағы географиялық аумағы ұлғая түсетін болады деп сенеміз»- деп, ұжым қуанышын еселеді.

Сондай-ақ, қуанышты лебіз-тілектерін білдірген «Қоғамдық ғылымдар және журналистика» кафедрасының профессоры, ф.ғ.д., С.Садықов, Филология факультетінің деканы, ф.ғ.к, доцент Н.Қ.Айтбаева, «Актерлық өнер» мамандығының бітіруші студенті А.Ілескен баяндама жасады.

Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ баспасөз қызметі