Партия мәжілісі өтті

9 шілде күні Мәдениет орталығында «Нұр Отан» партиясы «Тұран» бастауыш ұйымының кеңейтілген бюро мәжілісі өтті.
Мәжіліске «Нұр Отан» партиясы Түркістан қалалық филиалы «Тұран» бастауыш партия ұйымы бюросының мүшелері қатысты. Ахмет Ясауи университетінің 700-ге жуық партия мүшелерінен тұратын бастауыш ұйымға «Яссы» колледжінің 75 партия мүшесі де қосылатын болды. Осыған орай, аталған ұжымның белсенді партия мүшелері де мәжіліске қатысты. Бюро отырысын «Тұран» бастауыш партия ұйымының төрағасы Ж.Дәрібаев жүргізді.
Күн тәртібінде Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасы Н.Назарбаевтың «Бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуінің және Партиялық жаңғыру аясында бастамашыл партиялық жобаларды жүзеге асыру барысы туралы, «Нұр Отан» партиясы Түркістан қалалық филиалының кезектен тыс XXXV конференциясына делегаттар сайлау туралы және тағы басқа әртүрлі мәселелер қаралды.
Күн тәртібіндегі алғашқы сұрақ бойынша Ж.Дәрібаев Мемлекет басшысы ұсынған әлеуметтік бастамаларды әлеуметтік маңызы стратегиялық құжат ретінде атап өтіп, баспана мәселесінің айрықша әлеуметтік мәніне тоқталып, оның тіптен ұлттық идея деңгейінде қарастырылғаны жөн деген ойларын ортаға салды.
Мәжіліс барысында Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуінің және Партиялық жаңғыру аясында бастамашыл партиялық жобалардың жүзеге асыру барысы туралы бюро мүшелері: Б.Мухамеджановтың, А.Кенжалиевтың, Б.Накиповтың ұсыныс-пікірлері тыңдалды. Олар білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту жөнінде ой-ұсыныстарымен бөлісті.
Сонымен қоса, 18 шілде күні өтетін «Нұр Отан» партиясы Түркістан қалалық филиалының кезектен тыс XXXV конференциясы туралы, сондай-ақ 21 шілде күні Түркістан облысына «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев ресми іссапармен келуі туралы ақпараттармен таныстырды.
Кеңейтілген отырыс барысында «Нұр Отан» партиясы Түркістан қалалық филиалының кезектен тыс XXXV конференциясына делегаттар ұсынылып, олар туралы ақпараттар бюро мүшелеріне таныстырылды.
Жадыра Қожахмет, Ақпарат орталығы