Ғалымдар Ботаникалық бақпен танысты

Жуырда оқу ордамыздың Ботаникалық бағына Алматыдан ғалымдар арнайы іс-сапармен келді.
Айтап айтсақ, «Есік мемлекеттік дендрологиялық саябағы» республикалық Мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының директоры, а.ғ.д., профессор Амангелді Қайырбекұлы, директор орынбасары Анна Андреевна және директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Рустам Исмаилов.
Бұл іс-сапардың мақсаты – оқу орын басшысы Болатбек Серікбайұлының бастамасы негізінде Ботаникалық бақты ғылымға үйлестіру, заманауи технологиялар және әдістемелерді қолданысқа енгізу.
Қонақтар болашақтағы ғылыми бағыттағы іс-шараларды жоспарлау үшін шілденің шіліңгір ыстығына қарамастан, Ботаникалық бақпен толық танысып, мүмкіндіктері мен проблемаларын айқындады.
Сондай-ақ «Есік мемлекеттік дендрологиялық саябағының» ғалымдары саябақтың технологиялық мүмкіндіктерін таныстыру мақсатында семинар өткізді. Соңғы бір-екі жыл ішінде саябақта болған түбегейлі өзгерістерді, жаңартылған технология мен лабораторияларды атап өтті. Осы орайда, осыған ұқсас мүмкіндіктерді университеттің ботаникалық бағына енгізу жоспарланып отыр. Түркістан қаласының облыс орталығы болуы Ботаникалық бақты ғылыми коммерцияландыруға зор мүмкіндік беретінін атап өткен жөн.  Сонымен қатар, биология мамандығының магистранттарына инновациялық ғылыми-зерттеу жұмыстарына жетекшілік жасауға және практикалық тұрғыдан «Есік мемлекеттік дендрологиялық саябағында» тәжірибеден өтуге келісімдерін берді. Бұл біздің Ботаникалық бақ үшін қажетті білікті маманды дайындауда үлкен мүмкіндік екені сөзсіз. Сонымен қатар ғылымға едәуір серпіліс беретіні анық.