Өзара Меморандумға қол қойылды

Бүгін Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне Астана қаласындағы Мемлекеттік қызмет саласындағы аймақтық хабтың басқару комитетінің төрағасы Алихан Байменов келді. Астана қаласындағы Мемлекеттік қызмет саласындағы аймақтық хабтың басқару комитеті мен Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті арасындағы Өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды.
Меморандум құзіреттілігінің шеңберінде алдағы уақытта бірлескен білім беру және ғылыми зерттеу шаралары, түрлі семинарлар, ғылыми конференциялар, қысқа мерзімді оқулар ұйымдастырылу көзделіп отыр. Университет құрылымындағы мемлекеттік басқару, экономика жоғары мектебінің үрдістері мен бағыттары алдағы уақытта Мемлекеттік қызмет хабымен біріге отырып ұйымдастырылады. Бұл қуанышты хабарды көпшілікке университет ректоры Болатбек Серікбайұлы айтты.
Алихан БАЙМЕНОВ, Астана қаласындағы Мемлекеттік қызмет саласындағы аймақтық хабтың басқару комитетінің төрағасы:
–Қазақстан мен Түркия Мемлекеттік қызмет хабының құрылтайшыларының қатарында бар мемлекеттер. Біз бүгін Болатбек Серікбайұлымен өзара Меморандум барысында қолға алатын жаңа міндеттер туралы қысқаша пікір алмастық. Негізгі бағытымыз аймақтарда мемлекеттік қызметкерлерді басқару қызметін жетілдіру. Мемлекеттік басқару ғылымының концепциясы өзінің даму бағытын сонау орта ғасырлардағы ұлы ойшылдарымыз Әбу Насыр әл Фараби, Жүсіп Баласағұн, Қожа Ахмет Ясауилерден алуы тиіс.
Жиын соңында Алихан Байменов Астана қаласындағы Мемлекеттік қызмет саласындағы аймақтық хабтың басқару комитетінің бес жылда атқарған жұмысынан хабар беретін әлі сиясы кеппеген қос басылымды университет кітапханасына табыс етті.