«АСТАНАДАН АҚ ТІЛЕК…»

Астананың 20 жылдығы еліміздің барлық аймақтарында тойланып жатыр. Осыған орай, кеше қаламызға Астана қаласы әкімдігінің Мемлекеттік Академиялық филармониясы арнайы келіп, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Мәдениет орталығында «Астанадан ақ тілек…» атты концерттік бағдарламасы өткізілді.
Концерт басталмас бұрын ректор Болатбек Серікбайұлы университет түлегі
Алтынай Жорабаевамен және әнші Бауыржан Исаевпен жеке кездесіп, ел алдында жүрген осындай өнер иелерінің кезінде осы білім ордасынан түлеп ұшқанын мақтан ететінін айтты.
Ән кешінде Астана қаласы әкімдігінің Мемлекеттік Академиялық филармониясының классикалық және эстрадалық вокал, халық әндері жанрында ән салатын өнерпаздары, «Қорқыт» дәстүрлі саз тобы, эстрадалық би ансамблі, «Шалқыма» халық би ансамблі өнер көрсетті. Кеш қонақтары қатарында, сондай-ақ, Клара Төленбаева, Асқар Жайлаубаев, Бауыржан Исаев, Алтынай Жорабаева, Алмас Кішкенбаев болды.
Университет мақтанышы Алтынай Жорабаева көпшілік өнерсүйер қауымды Түркістанның облыс орталығы мәртебесін алуымен құттықтап, өзі білім алған университеттің ректоры Болатбек Серікбайұлын жаңа ректорлық қызметке тағайындалуымен құттықтап, алдағы жұмыстарына сәттіліктер тіледі.