Түркия студенттері Түркістанда тәжірибе алмасады

Бүгін, 1 тамыз күні Ахмет Ясауи университетіне Түркия университеттерінде медицина саласы бойынша білім алып жүрген бір топ студент келді.
Алдағы 1-8 тамыз аралығында шетелдік болашақ дәрігерлер университеттің клиника-диагностикалық орталығында тағылымдамадан өтіп, қазақ тілі курстарына қатысады. Сондай-ақ, ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы “Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы” жобасы аясында өлкенің тарихи жерлеріне саяхаттар ұйымдастырылады. Сонымен қатар облыс орталығы іргесіндегі ауыл тіршілігімен танысып, тұрғындарға тегін медициналық көмек көрсету де жоспарланып отыр.
Бұл игі іске Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі (TİKA) мұрындық болып отыр. Студенттерді TİKA-ның Қазақстандағы өкілі, бағдарламаның үйлестірушісі Еврен Рутбил бастап келіпті. Агенттік түркі елдері арасындағы ынтамақтастықты нығайту мақсатында жыл сайын бауырлас елдерге тәжірибе алмасуға студенттер жіберіп отыруды ұдайы жүргізіп келе жатқанын айта кеткеніміз жөн.
Шетелдік студенттермен кездескен университет ректоры Болатбек Абдрасилов студенттерді оқу орнының құрылу тарихымен таныстырды. Түркі әлемі интеграциясының «алтын көпіріне» айналып келе жатқан университеттің түркі дүниесі жастарының достығы мен ынтымағына сүбелі үлес қосып келе жатқанын айта келіп, аталған оқу орнын Түркия мен Қазақстанның ортақ «перзентіне» балады. Сондай-ақ, кездесуге қатысқан университеттің даму және қаржыландыру жөніндегі вице-президенті Пусат Пилтен де студенттерге оқу орны туралы мәліметтер берді.
Шетелдік студенттерді тәжірибе алмасу жұмыстарын университеттің академиялық ұтқырлық бөлімі ұйымдастыруда.
Нақтылай түссек, студенттер Түркияның Хажеттепе, Гази, Медипол, Ататүрік, Казым, Анкара, Йылдырым Баязит, Стамбул, Хатай Мустафа Кемал, Карадениз Техник секілді бірнеше университетінен келді.
Шара соңы университет кампусын тамашалауға ұласты.