Түркиядан келген студенттер көшет отырғызды

TİKA агенттігі түркі елдері арасындағы ынтамақтастықты нығайту мақсатында бауырлас елдерге тәжірибе алмасуға студенттер жіберіп отыруды дәстүрге айналдырған. Сол бойынша оқу ордамызға келген Түркиялық бір топ студент бүгін Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Ғылыми кітапхана алаңында ынтымақтастық символы ретінде он түп жасыл шырша көшетін отырғызды.
Игі шараға Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (TİKA) Қазақстандағы өкілі, бағдарламаның үйлестірушісі Еврен Рутбил, Даму және қаржыландыру жөніндегі вице-президент Пусат Пилтен де қатысып, қолдау білдірді.
Айта кетсек, 1-8 тамыз аралығында университеттің Клиника-диагностикалық орталығында тағылымдамадан өтуге, Түркияның Хажеттепе, Гази, Медипол, Ататүрік, Казым, Анкара, Йылдырым Баязит, Стамбул, Хатай Мустафа Кемал, Карадениз Техник секілді бірнеше университетінен бір топ студент келген болатын. Сондай-ақ, осы орайда бауырлас елден келген жастардың сұраныстары бойынша қазақ тілі курстарына қатысуы қуантарлық жағдай. Университеттің ұйымдастыруымен тәжірибе алмасуға келген жастар осындай тәрбиелік маңызы бар мазмұнды шараға да атсалысты. Ағаш отырғызу — сауапты іс.
Мәңгі жасыл өсімдік тәрізді Түркі дүниесі жастарының достығы мен ынтымағы мәңгі жасай берсін! Табиғат жанашырлары еккен шырша жасыл желекке оранып, Ғылыми кітапхана ғимаратының алдына әсемдік пен сән кіргізіп тұратынына сенеміз.