«АМАНАТ АРҚАЛАҒАН АҚЫН»

Таяуда, 4 тамыз күні Ахмет Ясауи университетінің Ғылыми кітапханасында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, республикалық ұлттық-этнографиялық «Дәстүр» журналының бас редакторы Қасымхан Бегмановтың «Аманат арқалаған ақын» атты әдеби-шығармашылық кеші өтті.
Түркістан қаласының әкімдігі, Абай атындағы Орталық кітапхана және ХҚТУ Ғылыми кітапхана ұжымы ұйымдастырған бұл шара ақынның 60 жылдық мерейтойына арналып отыр.
Атағы алты алашқа әйгілі ақын Қасымхан Бегманов – Түркістан топырағы, Кентау қаласының тумасы. Сондықтан шара шымылдығы Түркістан қаласының әкімі Ә.Өсербаевтың құттықтау хатын табыстаумен ашылды. Туған жеріне тағзым етіп келген перзентке деген құттықтау хат пен кәде сыйды, қазақы дәстүрге лайық шапанды Ж.Әзіретбергенұлы мен Ж.Ибрагимов табыстады.
Кеште ақын туралы бейнеролик көрсетілді. Одан әрі Серік Ақсұңқарұлы, Қойлыбай Асанұлы, Құлбек Ергөбек, Бекжігіт Сердәлі, Рүстем Ибрайымов сынды ақынның достары, әріптестері мен шығармашылықтағы інілерінің ізгі тілектеріне ұласты. Сондай-ақ, Орталық кітапхана жанындағы «Қайнар бұлақ» әдеби отау төрағасы Зейнулла Еркебалаев жыр арнаса, оқушылар ақын өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Ал, университет түлегі, жас сазгер Алмас Мұхтарұлы ақынның «Ескі мұң», «Қоңыр ән» өлеңдеріне шығарған әнін орындап берді.
Әдеби кешті «Қазақ филологиясы» кафедрасының доценті, ф.ғ.к. Досбол Ислам жүргізді.