Ахмет Ясауи университетінің екі студенті Азия ойындарына қатысады

Бүгін, 8 тамыз күні университет ректоры Болатбек Абдрасилов ХVIII жазғы Азия ойындарына қатысатын қос спортшыны қабылдап, оларға Қазақстанның намысын қорғайтын үлкен додадан жеңіспен оралуға үміт артты.
Ахмет Ясауи университеті, Өнер факультетінің студенттері 21 жастағы дзюдошы Дидар Хамза мен 23 жастағы самбошы Бағлан Ибрагимов Азия ойындарында ел намысын қорғамақ.
Биыл он сегізінші рет алауы тұтанатын Азия аймақтық мульти-спорттық ойындары 18 тамыз бен 2 қыркүйек аралығында Индонезияның астанасы Джакартада және Суматра аралының ең үлкен қаласы Палембангте ұйымдастырылып жатыр. Бұл жарыста Дидар Хамза күрестің дзюдо түрінен 81 келі салмақ көрсеткіші бойынша, ал Бағлан Ибрагимов самбодан ең жеңіл 52 келі салмақ көрсеткіші бойынша бақ сынамақ.
«Мен де мектепте 7-8 сынып оқып жүрген кезімде самбомен айналысқанмын. Әрине, кәсіби түрде үлкен жарыстарға қатысқаным жоқ, бірақ күрестен хабарым бар әрі мықты жанкүйерімін десем болады. Ең бастысы, бұл жерде жүрек керек! Қорықпаңдар! Сендердің арқаларыңда тұтас мемлекет, Елбасы, халық және мына біз бармыз», — деді Болатбек Серікбайұлы қос спортшының қолдарын қысып тұрып. Оларға Түркістанды еске алып, рух беріп тұрсын деген ниетпен Қожа Ахмет Ясауи кесенесі бейнеленген шағын кәдесый тарту етті.
Жігерлеріне жалын берген оқу орын басшысына қос спортшы да ризашылық танытып, бар күш-жігерлерін жинап, ел жеңісі үшін тырысып бағатындықтарын жеткізді.