А.Ясауи университетіне Білім және ғылым вице-министрі келді

10 тамыз күні Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов келді. Университет Президенті
Б.Абдрасилов вице-министрге университеттің қазіргі жағдайы мен білім беру бағдарламаларын дамытудың келешектегі перспективалары, ғылыми жобалар, инфрақұрылымдық өзгерістер туралы жалпы мәлімет берді. Сондай-ақ, кездесу барысында университет басшысы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырудағы ұжымның ерең еңбегін атап өтті.
Университет ректоры, Білім және ғылым вице-министрі А. Аймағамбетовке «Кентау трансформатор зауытымен» бірлесе отырып дуалдық білім беруді дамыту жобасы, педагогикалық мамандықтар бойынша орта білім берудегі инновациялық үрдістерді назарға алатын оқу және білім беру бағарламаларын жетілдіру,      Түркістан қаласы мен аумағын көгалдандыру мақсатында Ботаникалық бақтың ғылыми-лабораториялық базасын дамыту туралы қысқаша мәлімет берді.
Өз кезегінде вице-министр А.Аймағамбетов мемлекет басшысы 5 шілде күні қол қойған «Академиялық және басқару дербестігі» туралы заң нормасының ұсынып отырған мүмкіншіліктеріне тоқталып өтті және 2020 жылға дейінгі Қазақстанның білім және ғылым саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға халықаралық ұжым ретінде белсенді қатысуға шақырды. Сондай-ақ, А.Аймағамбетов министрліктің оқытушы-профессорлар мен студенттердің, менеджерлердің академиялық ұтқырлық жобаларына университет басшылығының назарын аудартты.
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің вице-министрімен кездесуге Түркістан облысы білім беру басқармасының басшысы Исатай Сағындықов, университетіміздің вице-президенті Мехмет Куталмыш, Оқу-әдістемелік ісіне жауапты вице-президент Ө.Үмбетов қатысты.