Жаңа белестерді межелеген жиын

15 тамыз күні Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Мәдениет орталығының кіші залында жаңа 2018-2019 оқу жылы қарсаңындағы №1 Сенат мәжілісі өтті. Ректор, Сенат төрағасы Б.Абдрасилов жүргізген мәжілісте университеттің І вице-президенті М.Куталмыш «2018-2019 оқу жылына дайындық және білім беру жүйесіндегі өзгерістер туралы», шетелдік студенттерге тіл үйрету үшін жазғы курстар ұйымдастыру туралы мәлімет берді.
Бұдан әрі, бас ғылыми хатшы М.Асанова «2018-2019 оқу жылындағы Сенат құрамына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі туралы» баяндады. Ал, академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Т.Ниязов «2018-2019 оқу жылына дайындық және білім беру жүйесіндегі өзгерістер туралы» Сенат мүшелерін хабардар етті.
Сенат отырысында Инженерия факультетін Кентау институтының оқу ғимаратына көшіру мәселесі талқыланды. Болашақ сапалы мамандарды даярлауда бұл жобаның оң шешім болғандығы және ендігі жерде студенттердің «Кентау трансформатор зауытында» дуальді оқыту жобасы бойынша білім алуына мүмкіндік туатындығы айтылды.
Ақпарат орталығы