Кәсіби даму орталығының басшысы тренинг өткізді

15 қыркүйек күні Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Кәсіби даму орталығының басшысы Талант Бөлеев тренинг өткізді. Талант Қалдыбекұлы — РФ және ҚР педагогика және психология ғылымдарының докторы, психология профессоры, психология ғылымының Халықаралық академиясының академигі.
Тренингке вице-президенттер, факультет декандары, бөлім басшылары қатысты.
Жиын басында сөз алған университет президенті Болатбек Абдрасилов тренинг мақсатын түсіндіріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Қатысушылар «Күн мұнарасы» іскерлік ойынын, кейс-стади, коворкинг, фасилитация, модерация, рөлдік ойындар тағы басқа бірнеше команда құру ойындарын қызығушылықпен ойнады. Түрлі қызықты жаттығулар мен тапсырмаларды орындап, белсенді қатысты. Топтың көшбасшылық әлеуетін анықтауға арналған командалық коучинг өте қызықты өтті. Командалық жемісті жұмыс істеудің кедергілерімен күресудің психологиялық жолдарын жою арқылы өзара түсінушілік, жақсы қарым-қатынас орнатудың қыр-сыры айтылды. Коммуникативтік қабілетті дамытуға көмектесетін психологиялық және әдістемелік тәсілдер, рөлдік ойындар, топтық пікірталас, түрлі жағдайларды талдау секілді практикалық жаттығулар орындалды.
Тренинг соңында қатысушылар алған әсерлерімен бөлісіп, өзара байланыстарының нығайғанын айтып, алғыстарын білдірді.

Ақпарат орталығы