Теологиялық оңалту жұмыстарын атқаратын қызметкерлер университетімізде біліктілікті жетілдіру курсынан өтті

12 қазан күні Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Сенат залында Үздіксіз білім беру және қашықтықтан оқыту орталығының ұйымдастыруымен «Жазасын өтеушілермен теологиялық-психологиялық оңалту жұмыстарының негіздері» тақырыбында өткен біліктілікті арттыру курсының қатысушыларына арналған жиын өтті.
Басқосуға Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Жамбыл облыстары және Шымкент қаласы бойынша ҚАЖД Теологиялық оңалту жұмысын ұйымдастыру тобының инспекторлары мен инспектор-психологтары қатысты.
Атап айтсақ, Ахмет Ясауи университетімен ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті арасында жасалған меморандум аясында, 8-12 қазан аралығында аталған комитетке қарасты мекемелердің қызметкерлері 54 сағаттық біліктілік жетілдіру курсынан өткен болатын.
Ахмет Ясауи университетіндегі Рухани жаңғыру бағдарламасының жетекшісі Ә.Әбуов дәстүрлі дін туралы, біліктілік курсының маңыздылығы туралы жан-жақты айтып, бұл тақырыпта жүргізген өз зерттеулерінен қызықты мәліметтер келтірді.
Сондай-ақ, Әміреқұл Ергешұлы, Үздіксіз білім беру және қашықтықтан оқыту орталығының басшысы Ә.Құрбаниязов, сұхбат-лекцияны жүргізген Ясауи ғылыми-зерттеу орталығының директоры Д.Кенжетай курс қатысушыларына сертификат табыстады.
Бұл біліктілік жетілдіру курсы Елбасының 2017 жылдың 31 қаңтарындағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында және «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламалық мақаласында көрсетілген міндеттерді іске асыру мақсатында Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі сотталғандармен теологиялық оңалту жұмыстарын атқаратын қызметкерлердің білімін жоғарылату үшін ұйымдастырылды.
Біліктілікті жетілдіру курсының мақсаты – ҚАЖ комитеті қызметкерлеріне дін туралы, күрделі де сан салалы дін құбылысының мәні туралы жан-жақты ғылыми негізделген теологиялық-дінтанулық білім беру арқылы, олардың теориялық таным-білімінің және практикалық білік-дағдыларының артуын қамтамасыз ету.
Шара соңында ҚР ІІМ ҚАЖ Комитеті Сотталғандар арасындағы тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмыс басқармасының бөлім бастығы Д.О.Адембаев біліктілік курсынан өтуге мүмкіндік берген Ахмет Ясауи университетінің басшылығына, дәріс берген Дінтану кафедрасының оқытушы-профессорларына алғысын білдірді.

Динара Жұмағалиқызы,
Ақпарат орталығы