«САЛАУАТТЫ ОТБАСЫ – САУ ЕЛ» БАЙҚАУЫ ӨТТІ

Бүгін, 12 қазан күні Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Мәдениет орталығында отбасылы студенттер мен оқытушылар арасындағы «Салауатты отбасы – сау ел» байқауы өтті.
Аталған шараны облыстық Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы мен оқу ордамыздың «Рухани жаңғыру» ғылыми-тәжірибелік орталығы, сондай-ақ, Университет иммиджін ілгерілету және протокол бөлімі бірлесе ұйымдастырды. Ондағы мақсат, оқу мен отбасын қатар алып жүрген студенттерді ел алдында дәріптей отырып, беделін арттыру. Сонымен қатар, отбасы ұғымын нығайтуда негізгі тәрбиені насихаттау, ұлттық салт- дәстүрлерді жаңғырту.
Сайысқа оқу ордамыздан 4 отбасылы студент қатысып, 7 кезең бойынша өзара сынға түсті. Арнайы құрылған қазылар алқасы да сайыстың әділ өтуіне жағдай жасады. Байқау ережесіне сәйкес, жас отбасылар өз міндеттерінен бастап, бала күтімі, отбасылық әдеп жөніндегі сұрақтарға жауап берді.
Өз кезегінде қатысушылар бар өнерлерін ортаға салып, зор ықыласқа бөленді. Шара соңында таразы басын тең ұстаған әділ қазылар қатысушыларға үлкен алғыстарын білдіріп, Әлеуметтік ғылымдар факультетінен қатысқан Қылышбековтер отбасын жеңімпаз деп жариялады. Сондай-ақ, Облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтарды үлестірді.

А.Исабекова,
Ақпарат орталығы